«Самұрық-Қазына» тобының инвестициялық портфелі 130-дан астам мегажобаны қамтиды. Мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, логистика салаларында және тау-кен өнеркәсібінде жүзеге асырылатын жобалар ел экономикасына мультипликативті әсер етеді деп күтілуде.
«Самұрық-Қазына» басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов Қазақстан Президентіне алдағы кезеңге арналған жоспарлар мен бірінші жартыжылдықтың қорытындылары туралы баяндады. Оның айтуынша, қор тікелей шетелдік инвестицияның катализаторына айналды.
Сонымен қатар, шетелдік серіктестерімен бірлесіп инвестиция құяды. Қасым-Жомарт Тоқаев инвестициялық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ Қор жұмысын одан әрі жетілдіру жөнінде нақты тапсырма берді.
Нұрлан Жақыпов, «Самұрық Қазына» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы:
– Бүгін Мемлекет басшысының қабылдауында болдым. «Самұрық Қазына» қорының жартыжылдық нәтижелері туралы баяндадым. Барлық көрсеткіштер жоспарларымызға сай немесе одан артық. «Самұрық Қазынаның» кірісі бірінші жартыжылдықта 7,9 трлн теңгені құрады. Бұл жоспардан 7% жоғары. Қазіргі уақытта «Самұрық Қазынаның» инвестициялық портфелінде құны 53,5 трлн теңгеден асатын 130-дан астам ірі инвестициялық жоба бар.