Қазақстан Еуразиялық кеңістікте және бүкіл әлемде өзінің теңгерімді әрі сындарлы сыртқы саясат үлгісін көрсетіп келеді. Нәтижесінде елдердің тиімді өзара іс-қимылына жол ашып отыр. Қазақстан – Еуразия құрлығының орталығында орналасқан. Сондықтан континенттік диалог біздің мемлекетіміз үшін өте өзекті. Халықаралық дөңгелек үстелде Ресейдің Қазақстандағы елшісі Алексей Бородавкин осылай деді. Алқалы жиынға дипломатиялық корпустың өкілдері, сарапшылар мен екі елдің ғалымдары қатысты. Қатысушлырдың пікірінше, Қазақстан ТМД, Шанхай Ынтымақтастық ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы, Азиядағы Өзара Ықпалдастық және Сенім Шаралары жөніндегі Кеңес секілді бірқатар халықаралық ұйым мен құрылым құрылған сәттен бастап шешуші рөл атқарып келеді. Сонымен қатар, диалогты ширату және осы халықаралық бірлестіктер арасындағы байланыстарды дамытуда ерекше маңызға ие. Басқосуда өңірлік қауіпсіздікті нығайту мен Қазақстан-Ресей ынтымақтастығын, оның ішінде саяси, экономикалық, гуманитарлық және сауда-экономикалық салаларды дамытуда еліміздің рөлі артып келе жатқандығына ерекше назар аударылды.
Алексей Бородавкин, Ресей Федерациясының қазақстан республикасындағы төтенше және өкілетті елшісі
- Экономикалық байланыс қарқын алып келеді. Өткен жылы екі ел арасындағы тауарайналым көлемі 30 млрд долларға жетті. Инвестициялық байланыс та бар. Ресми статистикаға сүйенсек, 2024-жылы Қазақстанға 4 млрд доллардан астам қаржы құйдық. Бірлескен кәсіпорындар да жемісті жұмыс істеп жатыр.
Төлеутай Сулейменов, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының профессоры:
- Қазақстан - Еуразия кеңістігінде Ресейдің ең басты серіктестерінің бірі. Ресей Федерациясы, Белорусь және басқа да Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер секілді халықаралық экономикалық ұйымның дамуына сүбелі үлес қосып келеміз. Ықпалдастық жыл сайын қарқын алып келеді. Демек, бұл Еуразия кеңістігінің экономикасына қосып жатқан орасан зор үлесіміз.

