Астанада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинді салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Тәуелсіздік сарайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысын өзі күтіп алды. Мәртебелі мейманның құрметіне Қазақстан Республикасы Әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшақтары Ресей туын бейнелейтін ақ, көк және қызыл түсті жолақтардан із тастап ұшты. Әнұрандар шырқалған соң қос тарап ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Кейін Президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей басшысына ілтипат білдіріп, Владимир Путиннің елімізге мемлекеттік сапарын стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды дамыту тұрғысынан мәні зор оқиға деп бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бұл сапардың елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды дамыту тұрғысынан мәні зор. Сонымен қатар Еуразия құрлығындағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуде де айрықша мәнге ие деп ойлаймын. Өйткені біздің елдеріміз алып Еуразия кеңістігінің өзегі саналады.
Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа сапармен келуге шақырғаны үшін алғыс айтты.
Владимир Путин, Ресей Федерациясының Президенті:
– Былтыр бізге мемлекеттік сапармен келгеніңізге қуандық. Сол кезде ғасырлар бойы, соның ішінде бір мемлекет аясында қалыптасқан халықтарымыз арасындағы берік достық пен өзара құрметке негізделген стратегиялық серіктестігімізді кеңейту бағытында тағы да алға қарай қадам жасадық. Бүгін де, ертең де жемісті жұмыс атқарамыз деп ойлаймын.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөздерді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды. Әсіресе, экономикалық саладағы өзара әріптестік табысты дамып келеді. Сауда көлемі 30 млрд доллар деңгейінде болжануда. Ресей Қазақстан экономикасына құйған тікелей инвестиция бойынша көш бастап тұр. Оның жалпы көлемі 29 млрд доллардан асты. Ал Қазақстанның көрші елге салған инвестициясы 9 млрд долларға жетті. Бүгінде инвестицияның жалпы көлемі 53 млрд доллар болатын 177 бірлескен жобаның пулы жасақталды, оның дені іске асырылды. Елдер тұрақты түрде Өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізеді. Биыл ол тамыз айында Ресейдің Омбы қаласында ұйымдастырылмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Елдеріміздің арасында ешқандай шешілмеген мәселе жоқ. Тек оң динамика байқалады. Осы қарқынды сақтап, жаңа жобалар мен бастамалар арқылы ынтымақтастықты дамыта береміз. Бұл орайда бүгін қабылданатын «Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі туралы» бірлескен мәлімдеменің маңызын ерекше атап өткім келеді. Аталған құжат қарым-қатынасымыздың сипатын танытады және оны ұзақмерзімді негізде тереңдетуге бейіл екенімізді көрсетеді
Қазақстан мен Ресей Президенттері бірлескен мәлімдеме қабылдады
Сондай-ақ, кездесуде Қазақстан мен Ресейдің көпжақты алаңдар аясындағы
ықпалдастығына мән берілді. Екі ел «Орталық Азия – Ресей» форматында жемісті
жұмыс атқарып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мәдени-гуманитарлық
саладағы ынтымақтастық ерекше назар аударуға лайық. Қазақстан Президенті биылғы
жазда Астанада үшінші «Болашақ ойындарын» өткізу жастар арасындағы
байланыстарды нығайтуға қызмет ететінін атап өтті. Білікті кадрларды даярлау
үшін Сириус жобасын іске асыру нәтижесінде Алматы мен Астанада жаңа мектептер бой
түземек. Келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин
Қазақстан және Ресей халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті
негізі туралы Бірлескен мәлімдеме қабылдады. Сондай-ақ, тараптар 12
үкіметаралық және ведомствоаралық құжат алмасты. Бұдан бөлек сапар аясында 2
Меморандумға қол қойылды.

