Парламент жаңа Конституция негізінде әзірленген «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады. Құжат мемлекет басшысын билік тармақтарының үйлесімді жұмысын қамтамасыз ететін жоғары тұлға ретіндегі мәртебесін нақтылайды. Сондай-ақ, басқару жүйесіне Вице-президент лауазымы енгізілді. Оның құқықтық мәртебесі айқындалып, Құрылтаймен, Үкіметпен және өзге де органдармен байланыс орнату міндеті жүктелді.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасы 8 тараудан және 43 баптан тұрады және қолданыстағы Конституциялық заңмен белгіленген құқықтық реттеудің негізгі қағидаттарының мирастық сабақтастығын сақтап қалды. Сонымен қатар, заң жобасын 2026 жылғы Конституцияның ережелеріне бейімдеуден және жаңа мемлекеттік билік институттарын құруға байланысты нормаларды енгізуден басқа, алдыңғы актіде түзілген нормалар айтарлықтай пысықталып, редакциялық тұрғыдан жақсартылды.
Сондай-ақ, Қос палата өкілдері Құрылтай туралы Конституциялық заңды да екінші
оқылымда қабылдады. Ол 145 депутаттан
тұрады. Олар 5 жыл мерзімге сайланады. Үкімет мүшелерінің лауазымына ұсынылатын
кандидаттар бойынша кеңес өткізу, олардың есептерін тыңдау және өзге де
рәсімдер депутаттардың міндетіне кіреді. Сонымен қатар, бүгін екінші оқылымда
Қазақстан Халық Кеңесі, елорданың мәртебесі туралы, Әкімшілік-аумақтық құрылым
туралы және Сайлау туралы конституциялық заңдар қабылданды.

