Елордада өткен қос палатаның бірлескен отырысында депутаттар құжатты екі оқылымда мақұлдады. Заңды Ерлан Саиров таныстырды. Депутат өткен жылы жалпыхалықтық референдум нәтижесінде елімізде жаңа Конституция қабылданып, оған халықтың 77% дауыс бергенін еске салды. Айта кетейін, Заңға 56 түзету енгізілді. Сондай-ақ, Елбасы мен оның статусын алып тастау туралы ереже бекітілді.
Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Конституциялық реформа - елімізде биліктер тармағы институттарын нығайтып, қоғамда демократияны қалыптастырудағы Тәуелсіз 30 жылдың ішіндегі ірі қадам, прогерссивті бағыт-бағдар. Конституцияға енгізілген өзгертулерге сәйкес, «Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті-Елбасының мәртебесі мен өкілеттілігі республика Конституциясымен және Конституциялық Заңмен айқындалады» деген норманы көздейтін Конституцияның 46-бабы 4 тармағы алынып тасталды.
Владимир Волков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- 2022 жылғы 5 маусымда өткен жалпыхалықтық референдум нәтижелерін іске асыру және заңнамалық актілердің бірізділігін қамтамасыз ету мақсатында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы туралы» конституциялық заңның күші жойылды деп тану ұсынылады. Бұл ретте Тұңғыш Президентке республиканың барлық экс-президенттеріне қатысты Конституцияның 46-бабында және «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» конституциялық заңның 6 тармағында белгіленген жалпы кепілдіктер қолданылатын болады.
Осылайша, Елбасы мәртебесін жоғалту туралы заң қабылданды деп есептеліп, Мемлекет басшысына қол қоюға жіберілді.