2025 жыл:Қазақстан әлемдегі беделін нығайтты

2025 жыл:Қазақстан әлемдегі беделін нығайтты

Биыл Қазақстан үшін белсенді дипломатия жылы болды, соның арқасында еліміз халықаралық қатынастар жүйесіндегі өз ұстанымын нығайтты. Әлемдік аренада өзгелер елімізді тұрақты әрі сенімді серіктес ретінде қабылдайды және өзара ынтымақтастық аясын кеңейтуге ұмтылады. Өз кезегінде Қазақстан да көп векторлы сыртқы саясатқа басымдық береді. Ағымдағы жылы Қасым-Жомарт Тоқаев 23 рет шетелге шықты. Оның ішінде Мәскеу және Ташкентке мемлекеттік сапармен барды. Мемлекет басшысының сапарлары Азия, Еуропа және Таяу Шығыстағы негізгі серіктестерді қамтыды. Олардың қатарында Қытай, Ресей, АҚШ, БАӘ, Иордания, Түркия, Жапония, Венгрия, Өзбекстан, Әзірбайжан, Тәжікстан және Қырғызстан бар. Елдердің көшбасшыларымен келелі келіссөздер барысында сауда-экономикалық, көлік-логистикалық және инвестициялық ықпалдастықты нығайтуға ерекше мән берілді. Халықаралық кездесулер кезінде жалпы құны 70 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер жасалды.

Бақыт Төлегенов, MNU профессоры:

- Геосаяси ахуалдың күрделі болғанын ескерсек, бұл жыл Қазақстанның сыртқы саясаты үшін жемісті болды.  Еліміздің жетістіктерінің бірі ретінде мен әлемдік алпауыттармен тепе-теңдікті сақтау және серіктестік қарым-қатынас орнату қабілетін атаған болар едім. Қазақстан үшін тұрақтылық, дипломатия және іскерлік ынтымақтастық әрқашан бірінші орында болды.

Өткен күз де саяси шараға қанық болды. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемнің үш жаһандық астанасына - Бейжіңге, Вашингтонға және Мәскеуге барып, алпауыт елдер көшбасшыларымен кездесу өткізді. Мемлекет басшысы биыл Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Түркі мемлекеттері ұйымы саммиттеріне және БҰҰ Бас ассамблеясының 80-ші сессиясына қатысты. 2025 жылы С5 + форматы үлкен сұранысқа ие болды. Әлемдегі геосаяси тұрақсыздық шағында өңірдің стратегиялық маңызы жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Биыл «Орталық Азия плюс» форматындағы алты саммитінің екеуі Астанада өтті.

Жадыра Әсетқызы, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Азиялық зерттеулер бөлімінің аға сарапшысы:

- Біздің ірі инвесторларымыз әрі басты сауда серіктесіміз Еуропалық Одақпен  саммит өтті. Бұл Қазақстанның және жалпы Орталық Азияның жаһандық саясатта өз басымдықтарын ілгерілете алатын ойыншыға айналуының көрсеткіші. Ең алдымен бұл еліміздің сыртқы қарым-қатынасындағы саяси салмағын арттырады. Сондай-ақ, бұны тек Орталық Азия өңірі үшін ғана емес, Ауғанстан үшін де негізгі торапқа айналғанымыздың белгісі деп қарауға болады.

Жыл бойы республика шет мемлекеттердің басшыларын да қабылдады. Біздің елге 30 мемлекеттің жетекшісі ресми сапар жасады. Әлемдік ойыншылар елімізді Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы әрі сенімді серіктес және орта держава ретінде атап өтті. Олар Қазақстанмен тиімді диалог құрып, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға мүдделі. Сарапшылардың пайымдауынша, жаңа - 2026 жылда күтілетін саяси оқиғалар өткен жылдан кем түспейді. Еліміз таяу және алыс елдермен сындарлы диалог пен ұзақ мерзімді серіктестікті жалғастыруға ниетті.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?