Қазақстан Пәкістан нарығына жалпы құны 500 млн долларға жуықтайтын 85 тауар түрі бойынша жеткізу көлемін арттыруға ниетті. Атап айтсақ, еліміз бұл мемлекетке мұнай-химия, металлургия, фармацевтика салаларының, тамақ өнеркәсібі мен машина жасау өнімдерінің экспортын кеңейтуге дайын.
Жалпы биыл 8 айдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 16% өсіп, шамамен 40 млн долларға жеткен. Бұл жөнінде Исламабадта ШЫҰ мүше мемлекет үкіметтері басшылары кеңесінің отырысы аясында екі ел Премьер-Министрлерінің кездесуінде белгілі болды.
Олжас Бектенов әріптесі Шахбаз Шарифпен өзара ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық әлеуетін талқылады. Осылайша, қазақстандық агро өнімдерді жеткізу көлемі 2 есеге жуық өсіп, 7 жарым млн доллардан асқан. Бұған қоса Қазақстан Үкіметі Пәкістанға дәнді дақылдар жеткізу көлемін жыл сайын 2 млн тоннаға дейін арттыруға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ тараптар «Қазақстан- Өзбекстан-Ауғанстан-Пәкістан» мультимодальды бағытын және «Қазақстан-Түрікменстан-Ауғанстан-Пәкістан» жаңа көлік дәлізін одан әрі дамыту әлеуетін талқылады.
Жеңіс Ермұқанов.