Қазақстандық музыка әлеуметтік желілерге оралды. «Meta» компаниясымен
отандық авторлар қоғамы тиісті келісімге келді. Әділет министрлігі тараптар
уағдаласқан шарт екі жыл заңды күшінде болатынын мәлімдеді. Ведомство өкілдері бұл
құжат музыкалық шығармаларды цифрлық ортада пайдалану заңдылығын қамтамасыз етеді
деп отыр. Яғни, авторлар, орындаушылар және құқық иеленушілердің мүдделері
барынша қорғалады. Осы бағытта Қазақстанда олардың құқықтарын қорғау үшін
жасанды интеллект негізінде цифрлық платформа іске қосылады. Озық отандық жүйе
шарт рәсімдеуден бастап, сыйақыларды бөлу және оларды төлеуге дейінгі
тетіктерді реттейді. Туындыны пайдаланудың барлық кезеңдерін реттеп, онлайн бақылауға
мүмкіндік береді.
Шолпан Әбдіреева, ҚР
Әділет министрлігі Зияткерлік меншік комитетінің төрағасы:
- Жаңа платформаның
мақсаты - авторлық құқық нысандарын пайдаланушыларды бір алаңға біріктіру. Яғни,
бұл заманауи цифрлық тұғырнама орындаушы немесе өндірушілердің толық тізімін
жасайды. Сондай-ақ, мұнда Ұжымдық басқару ұйымымен шарт рәсімдеген барлық
пайдаланушылар болады. Осының арқасында авторлық құқық объектілерін кімнің
заңды түрде пайдаланатынын көре аламыз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

