ЕО және Қазақстан: Тәуелсіздік жылдарындағы ынтымақтастық

Жан басына шаққандағы тікелей шетелдік инвестициялар көрсеткіші бойынша Қазақстан – әлем мемлекеттерінің арасындағы көшбасшылардың бірі. Тәуелсіздік жылдары тек Еуропалық Одақ елдерінен 180 миллиард еуродан астам қаржы тартылды. Аталған инвестициялық қаражат есебінен елімізде 350-ден астам жоба жүзеге асырылды. Олар сот жүйесін реформалауды қолдауға, елдегі әлеуметтік-экономикалық реформаларды енгізу мақсатында өңірлік және жергілікті билік органдары мен мемлекеттік сектордың әлеуетін нығайтуға бағытталған.

Сарапшылардың айтуынша, бүгінде Еуропалық Одақ – Қазақстанның негізгі экономикалық және стратегиялық серіктестерінің бірі.

СВЕН-ОЛОВ КАРЛССОН, ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Қазақстан өте қысқа кезеңде ұзақ жолды еңсерді. 30 жылға жуық уақыт аралығында үлкен жеңістерге қол жеткізілді. Сіздердің әлеуметтік, экономикалық жетістіктеріңіз шынымен де таңғалдырарлықтай.  Мұны тек Еуропалық Одақ қана емес, сондай-ақ, халықаралық қоғамдастық та жоғары бағалайды. Сондықтан одан ары қарайғы ынтымақтастық әлеуетіне оң баға береміз. Қазақстан көрші елдермен қарым-қатынасы мен ынтымақтастығын серпінді дамытып отыр, өңірде көшбасшы саналады. Мемлекеттің таңдаған даму жолы дұрыс екеніне сенімдіміз.

Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі Свен-Олов Карлссонның айтуынша, бірқатар аймақтық бағдарламалар аясында да, өзге бағыттар бойынша да елімізге қолдау жалғаса бермек. Олардың қатарында «Орталық Азия Инвест», SWITCH Asia, сондай-ақ Орталық Азиядағы халықаралық сауданы қолдау бағдарламалары бар.

СВЕН-ОЛОВ КАРЛССОН, ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЕЛШІСІ:

 - Өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытудың әлеуетін мол. Тек экономика саласында ғана емес. Біз БҰҰ-ның  Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы құрылымдарымен бірге жұмыс істеуйміз. Қазақстан осы уақыт ішінде халықаралық қоғамдастықтың беделді мүшесіне айнала алды. Қауіпсіздік саласындағы, түрлі сипаттағы жаһандық сын-қатерлер саласындағы көптеген бастамаларыңыз бар. Осы бастамалар аясында Қазақстан БҰҰ жиындарында өз ұстанымдарын білдіріп келеді.

Авторы: Ақзер Сегізбай