Президент Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты

Президент Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан астанасында Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитіне қатысты. Мемлекет басшысы алқалы жиын алып құрлықтың ұлан-ғайыр аумағын иеленіп жатқан түркі елдерінің мүддесіне, стратегиялық мақсат-міндетіне сай келетінін айтты. Бұл ретте Қазақстан нақты қадамдар жасап, кешенді іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Атап айтсақ, ұйым жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілін тағайындады. Көп ұзамай Тұрақты өкілдік ашуды жоспарлап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Астанада 11-12 маусым күндері Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының XIV пленарлық отырысы өтеді. Ақтау қаласы биыл Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде жарияланды. Осы мәртебелі міндетті жоғары деңгейде атқару үшін нақты іс-шаралар қолға алынды. Қазақстанның бастамасымен өткен аптада Орталық сайлау органдарының консультативтік платформасы құрылды. Оның алғашқы отырысы киелі Түркістан қаласында табысты өтті. Ортақ келісім бойынша биыл маусым айынан бастап Алматы қаласы «Түркі мемлекеттері ұйымының жастар астанасы» атанады. Осылайша, біз түркі бірлігін нығайтамыз.

Соңғы кезде жаһандық сауда саясаты үлкен өзгерістерге ұшырап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Орта дәлізді Шығыс пен Батыстың арасындағы негізгі көпірге айналдыруды стратегиялық міндет ретінде атады. Бұл ретте еліміз Қырғызстанмен және Өзбекстанмен шекарадағы рәсімдерді цифрландыру, жүк транзитін жеңілдету үшін нақты шаралар қабылдап жатыр. Сондай-ақ, Қазақстан-Қытай шекарасында үшінші темір жол бекетін ашуды жоспарлап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдерді ірі инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырды. Аталған жоба түркі елдерінің өңірлік транзит хабы ретіндегі рөлін едәуір нығайтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- «Елдеріміз арасындағы сауда-саттықты жандандырып, тауар түрін көбейту қажет. Өткен жылы Қазақстанның Ұйымға мүше елдермен арадағы алыс-берісі 11,4 миллиард долларға жетті. Бұл – еліміздің сыртқы саудасының 8 пайызына тең. Әрине, жақсы көрсеткіш. Дегенмен оны арттыра түсу керек. Осыған орай, сауда-саттықты дамыту үшін арнайы құжат әзірлеуді ұсынамын».

Президент мұнай, газ, уран және тағы да басқа тауарларды жеткізу тізбегін әртараптандыру ісінде Ұйымның әлеуетін пайдалану қажет екеніне назар аударды. Цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың да болашағы зор. Биыл еліміз Каспий теңізі арқылы оптикалық-талшықты кабель тарту жобасын жүзеге асыра бастады. Соның нәтижесінде аймақтағы цифрлық байланыс нығая түседі. Мемлекет басшылары саммит қорытындысы бойынша төрт құжат, соның ішінде Өзбекстанды Түркі мәдениеті және мұрасы қорына қосу туралы шешім мен ұйымның Будапешт декларациясын қабылдады.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?