Қазақстан мен Өзбекстан стратегиялық әріптестікті нығайтуда

Қазақстан мен Өзбекстан стратегиялық әріптестікті нығайтуда

Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанға жұмыс сапарымен барды. Бұхара қаласының әуежайында мәртебелі мейманды Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев қарсы алды. Мемлекеттер басшыларының бейресми кездесуінде Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстан Қазақстан үшін сенімді стратегиялық серіктес екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біздің арамызда ешқандай түсінбеушілік я болмаса кедергі жоқ. Қол қойылған жобалар, жоспарлар бірте-бірте орындалуда. Біздің Үкімет барлық келісімдерді бұлжытпай іске асыру міндетін жақсы түсініп отыр. Менің бақылауыммен тиісті жұмысты атқарып жатыр.

Мемлекет басшысы тарихи тығыз байланыстар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы шынайы стратегиялық серіктестік пен одақтастықтың мызғымас іргетасы екенін еске салды. Сондай-ақ ол Өзбекстанның қарқынды дамуын, республикада ірі ауқымды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалардың іске асырылып жатқанын атап өтті. Қазақстан Президенті жаңа Ата заңның қабылдануына байланысты Өзбекстан көшбасшысының құттықтау жолдағанына алғыс айтты. Осы тарихи оқиға кезінде шет мемлекеттер басшылары арасынан Шавкат Мирзиёев алғашқы болып құттықтағанын жеткізді. Өз кезегінде Өзбекстан көшбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларының тиімділігі мен елдің экономикалық және цифрландырудағы жетістіктерін атап өтті. Шавкат Мирзиёев Бұхарадағы жүздесудің екі елдің өзара, жалпы өңіраралық сан қырлы байланыстарды кеңейтуде маңызы зор деп пайымдайды. Кездесуде сирек кездесетін металдарды өндіру мен өңдеу, көлік-транзит, су-энергетика салалары және ІТ секторындағы ықпалдастықтың әлеуеті талқыланды. Келіссөз қорытындысы бойынша тараптар екі ел үкіметтері арасындағы Сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту жөніндегі жол картасын қабылдауға уағдаласты. Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары Бұхарадағы Ахуалдық орталыққа барды. Сондай-ақ Президенттер жасанды интеллект хакатонының және қаладағы өндірістік кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Бұдан бөлек Шавкат Мирзиёев Қасым-Жомарт Тоқаевқа бірқатар тарихи құжатты тапсырды. Атап айтқанда, Қазақстан тарапына Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи және Рәбия Сұлтан бегім кесенелеріне қатысты 1920-1950 жылдары Өзбекстанда табылған құнды құжаттар, сызбалар және фотосуреттер берілді. Мемлекет басшылары Бұхараның тарихи орындарын аралап көрді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?