Халықаралық Euronews телеарнасының жаңалықтары қазақша жарияланады. Алғашқы
бағдарламалар жұмыс күндері YouTube-тен көрсетіледі, кейін телевизиялық эфирге де
шығады. Халықаралық жаңалықтар, негізгі тақырыптар мен экрандық графика қазақстандық
аудиторияға бейімделіп өзгертіледі. Бастапқыда материалдардың бір бөлігі
түпнұсқа дыбысталуын сақтап, қазақ тіліндегі субтитрмен сүйемелденеді. Кейін хабар
таратуды толығымен мемлекеттік тілге көшіру жоспарланып отыр. Президент
Euronews арнасының қазақ тілінде жаңалық таратуды қолға алғанын құптап, мұны
өзара тиімді ықпалдастықтың жарқын көрінісі деп атады. Өз кезегінде, Педро
Варгас Давид медиа желінің қолданысына Орталық Азия халықтарының арасынан алғаш
рет қазақ тілі енгенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, Euronews жетекшісі
қазақстандықтарды жаңа Конституцияның қабылдануымен құттықтап, Негізгі заңда
көрініс тапқан қағидаттар мен құндылықтар ел басшылығының анағұрлым күшті әрі
озық мемлекет құруға бейіл екенін көрсететінін жеткізді.

