Қазақстан мен Өзбекстан Парламентаралық ынтымақтастық кеңесін құрады. Тиісті келісімге қос ел парламенттері палаталарының спикерлері қол қойды. Олий Мажлис Заң шығару палатасының спикері Нурдинжон Исмоилов мәлім еткендей, парламентаралық диалогті жандандыру саяси-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың әлеуетін арттыруға, халықтар арасындағы достық пейілдерін нығайтуға тікелей қызмет етеді. Сонымен қатар қос тарап стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту туралы сөз етті.
Ерлан Қошанов, ҚР Мәжіліс төрағасы:
- Біздің елдеріміз тәуелсіздік алған күннен бастап бір-біріне қолдау көрсетіп, қос мемлекеттің өркениеті жолында берік, үйлесімді, сындарлы қарым-қатынас орнатты. Енді осы ынтымақтастық кеңесі арқылы қол жеткен табыстарымызды одан әрі тереңдетіп, президенттеріміздің барлық сала бойынша келісімдерін тиімді жүзеге асыруға, заңнамалық ынтымақтастықты күшейтуге жаңа жол ашатыны сөзсіз.
Нурдинжон Исмоилов, Өзбекстан Олий Мажлис Заң шығару палатасының төрағасы:
- Бұл – екі ел тарихында орын алған қарым-қатынасымыздың, ынтымақтастығымыздың жаңа форматы. Парламенттер де өз үлесін қосуы керек.
Авторы: Гүлбану Тәжібек