Қазақстан БҰҰ әлемдік прогресс рейтінгінде 66-орынға тұрақтады

Еліміздің бұл көрсеткіші соңғы үш жылда 12 сатыға жақсарған. Бұл жөнінде  Орнықты даму мақсаттарының іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі Парламенттік комиссияның алғашқы отырысында айтылды. Ел сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Қазақстан бұл бағытта өткен жылдары үлкен жұмыс атқарғанын, алайда қордаланған мәселелер барын айтты. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен жақсы болғанымен, кейінгі жылдарда төмендеу тіркеліп отырғанын айтуымыз керек. Атап айтқанда, су ресурстарының азаюына және әлеуметтік теңсіздікке қатысты маңызды түйткілдер бар. Басқа салаларда да шешімін таппаған мәселелер жетерлік. Сондықтан бізге белгіленген орнықты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін тың серпін қажет екені анық. Оларды іске асырудың игілігін ең бірінші Қазақстанның халқы көруге тиіс.

Әлібек Қуантыров, ҚР ұлттық экономика министрі:

- Ұлттық жобалар мен тұжырымдамаларға, даму жоспарларына ОДМ өзекті көрсеткіштерінің 60%-тан астамы енгізілген. Тұрақтылық пен инклюзивтілік принциптері Қазақстан Республикасының 25-ші жылға дейінгі Ұлттық даму жоспарының негізін қалады. Стратегиялық мақсаттарды жергілікті деңгейде елдің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық әл-ауқатының үштұрлығын біріктіретін Ұлттық  жобалар арқылы жүзеге асырылады. 

Еске салайық,  БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары 2015 жылы бекітілді. Осы құжатты орындауда әлемнің 200-ге жуық елі өзіне бірқатар міндеттеме алды. Халықаралық ұйымның  бағдарламасы 17 мақсатты қамтиды.  Олар жекелеген елдер мен әлемнің өзекті мәселелерін шешуге арналған. Бастысы халықтың денсаулығы мен әл-ауқатын жақсарту және жаһандық экологиялық түйіткілдерді шешу жолдарын қарастырады.