Тиісті хаттамаға өткен аптада Шымкентте Қазақстан мен Өзбекстан Премьер-министрлерінің орынбасарлары қол қойды. Жаңа орталық Атамекен және Гүлистан халықаралық өткізу пункттері ауданында орналасады. Оның құрылысына тараптар 50 гектар жер телімдерін бөледі. Бұған қоса қос мемлекет 15 наурызға дейінгі мерзімде Халықаралық Өнеркәсіптік Кооперация орталығы аумағында орналастыру үшін әлеуетті жобалардың тізбелерімен алмасуы тиіс.
Айта кетейік, жаңа орталық тиімді өнеркәсіптік уағдаластықтар ғана емес белсенді дамып жатқан орталық азиялық экономикалық «Солтүстік-Оңтүстік» экономикалық дәлізінің маңызды алаңына айналмақ.
ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН АРАСЫНДАҒЫ ТАУАР АЙНАЛЫМЫ 5 МЛРД ДОЛЛАРҒА ЖЕТТІ
Айта кетейік, 2022 Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 5 млрд долларға жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен шамамен 30% жоғары. Сонымен қатар еліміздің экспортқа шығарылған тауарларды жеткізу көлемі 33%-ға өсіп, 3,7 млрд долларды құрады. Экспорттың өсімі негізінен кенді және мыс концентраттары, бидай, жеңіл автомобильдері, күнбағыс майы, сиыр еті және алюминий есебінен ұлғайтылды.