Қазақстанда тәулігіне 1 200 т өнім шығаратын жаңа май экстракциялық зауыт іске қосылады. Өндіріс Солтүстік Қазақстан облысында бой көтеріп, 2023 жылы қосылуы мүмкін. Кәсіпорын түрлі майлы дақылдар, оның ішінде күнбағыс, рапс, соя және зығырдың тұқымдарын өңдеуді жоспарлап отыр. Тағы бір маңызды ақпарат, зауытта толығымен қалдықсыз өндіріс жолға қойылмақ. Шикізат қалдығы жемге айналдырылады. Жаңа кәсіпорын өз өнімін аспанасты еліне экспортқа жіберуге ниетті.
Павел Селиванов, зауыт директоры:
- Май экстракциялық зауытының маңызды бөлігі ретінде кіре берісте тұқым, ал шыға берісте Қазақстанда аса қажет болып табылатын протеинді жоғары ақуызды азықтар бар. Сондай-ақ шикі май болады. Қазір майға деген сұраныс жоғары. Мұндай сұраныс Канаданың Қытайға жеткізетін өнім көлемін азайтқандықтан туындап отыр. Америка экспорт көлемін төмендетті, сондықтан Қытай Қазақстанға, Ресейге, Украинаға бағыт бұруға мәжбүр. Бұл майдың өте қажет өнім екенін дәлелдейді.
Жоба Қазақстан Даму банкінің қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып отырғанын айта кеткен жөн. Банк өкілдерінің айтуынша, жалпы портфельдің құрамында тамақ өнеркәсібіне арналған жобаларға бөлінетін қаржы көлемі аз. Алайда қазіргі таңда Даму банкінің қарауында осы салаға қатысты 20-ға жуық ұсыныс бар. Жобалардың жалпы сомасы 40 млрд теңгеден асады.
Әділ Исмағамбетов, Қазақстан Даму банкінің басқарушы директоры:
- Аталмыш жоба «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасын және индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылуда. Біз 12 жыл мерзімге қаржыландыруды ұсындық, қарыз сомасы 11 млрд-ты құрайды, жобаның жалпы құны 15 млрд теңге.
Авторы: Ақзер Сегізбай