Сыр өңірінің шаруалары күріш алқаптарын суарудың тың тәсілін тәжірибеден өткізіп жатыр. Тіршілік нәрін тиімді пайдалану үшін су арнасына орнатылған құрылғы аз уақытта нәтиже беріп үлгерген. «Автоматтандырылған жүйе осы маусымның өзінде 10 мың текше метр суды үнемдеуге сеп болды», - дейді мамандар. Аустралиялық компания құрылғысы егістік алқабына жеткізілген суды есепке алып отырады. Алдағы уақытта тиімді технологияны өңірде жаппай енгізу ұсынылып отыр. Ол үшін Су ресурстары және ирригация министрлігімен келісім орнатылған.
Аслан Әбдірайымов, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:
– Су біздің аграрийлеріміздің басты тіршілік көзі болып табылады. Сондықтан бүгін біз тамашалаған құрылғы оны үнемдеудің ең оңтайлы тәсілі. Құрылғы толығымен жаңа технологиялармен жұмыс істейді. Артық энергияны да қажет етпейді. Ал біздің министрлік үшін мұндай құрылғылардың болғаны маңызды. Алдағы уақытта біз суды үнемдеу үшін бұл жұмыстардың көлемін арттыра береміз.
Ержан Төлегенов, компания өкілі:
– Шіркейлі каналы Қазақстан бойынша ең үлкен канал болып саналады. Ол Қызылорда облысы күрішінің 60%-ын сумен қамтамасыз етеді. Оның әр жылғы потреблениесі 2 млрд кубқа дейін барады. Біз сол каналды автоматтандырсақ, сол Шіркейліден алатын күрішшілерге пайдасы тиеді. Біркелкі су адал таратылатын болады.
Жалпы, су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, алдағы бес жылда елімізде 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналдар мен гидротехникалық құрылыстарды жаңғырту көзделіп отыр.