Қазақстанда кореялық банк ашылады

Қазақстанда кореялық банк ашылады

Қазақстанда тағы бір банк пайда болуы мүмкін. Президент кореялық қаржы компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Бин Дэ-Инді қабылдады. Мемлекет басшысы компанияның өз иелігіндегі BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымын толыққанды екінші деңгейлі банкке айналдыру ниетін құптады. Қасым-Жомарт-Тоқаевтың пікірінше, Оңтүстік Кореядағы жетекші банктің Қазақстанда жұмыс істеуі екі ел арасындағы сауда-инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. 

Мадина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы:

– Біз бүгін ресми түрде BNK Finance Kazakhstan микроқаржы ұйымына екінші деңгейлі банкке айналуға арналған рұқсатты ресми түрде бердік. BNK Finance Kazakhstan – үлкен Оңтүстік Кореялық BNK Finance банк холдингінің бір бөлігі. Олар ірі кореялық конгломераттардың қатарына кіреді. Олар әлемнің 8 елінде жұмыс істейді. Олардың қатарына Үндістан мен Қытай да кіреді. Банктің активтері 129 миллиард долларды құрайды. 

Корея инвестициялары Қазақстанның энергетика саласын дамытуға атсалысады

Президент су тасқыны кезінде елімізге көрсеткен көмегі үшін Кореяның Doosan Group компаниясына алғыс білдірді. Мемлекет басшысы компания төрағасы Чжеонг Вон Пак пен Doosan Enerbility басқарма төрағасының орынбасары Ён Ин Чонгті қабылдады. Меймандар Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркістан облысында қуаты 1 ГВт болатын бу-газ электр станциясын салу жобасының жүзеге асырылу барысы, сондай-ақ компанияның Атырау облысында «Қарабатан» газ турбиналы электр станциясын кеңейтуге қатысу перспективалары туралы мәлімет берілді.

Қазақстан мен Оңтүстік Корея геология саласында әріптестікті нығайтпақ 

Мемлекет басшысының KIGAM президенті Пёнг-Ку Ли және SK Ecoplant вице-президенті Хансоль Пэкпен кездесуінде Қазақстанның Оңтүстік Кореямен геологиялық барлау және тау-кен өндірісі салаларындағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа Шығыс Қазақстан облысындағы литий кен орнында жүргізген барлау жұмыстары жөнінде мәлімет берілді. Мемлекет басшысы инвесторларға «шикізат орнына инвестиция мен технология» прагматикалық формуласына сай ынтымақтастық орнату мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.