Қазақстан арқылы құрлық бағыттары өзінің бәсекеге қабілеттілігін көрсетті. Биыл транзит стратегиялық межеден миллион контейнерге, оның ішінде Азия-Еуропа бағытында 720 мың футтық эквиваленттен асып түседі, - деп хабарлайды ҚР Сауда министрлігі.
Бүгінде еліміз – кедендік және логистикалық операцияны оңтайландыру арқылы халықаралық сауданы ынталандыруды көздейтін «World Logistics Passport» бастамасына тіркелген 15 хабтың бірі. Аталған бағдарламаға қосылу арқылы Қазақстан басқа елдердің нарықтарына шығу әлеуетін кеңейте алады. Соның ішінде «Бір белдеу және бір жол» бастамасы аясында республиканың транзиттік мүмкіндіктерін арттыруға жол ашылады, делінген министрліктің хабарламасында. Бүгінде еліміз Орталық Азия өңірін, Үндістан нарығын перспективалы бағыттар ретінде қарастырып отыр. Республика экспорт-импорт және транзиттік сауда ағындарының кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ететін инфрақұрылымды жетілдіре отырып, өңірдің сауда және логистикалық хабы мәртебесін нығайтуды көздейді.
Авторы: Бану Тәжібек