Ұлы Жібек жолының ізімен. Ертеңнен бастап Қазақстан мен Өзбекстанның көне қалаларына алғашқы теміржол туры іске қосылады. Пойыз «Алматы – Түркістан – Ташкент – Алматы» бағыты бойынша қатынайды. Еліміздің салалық министрлігі аталған жоба орталықазиялық қос мемлекет арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мен туризмді дамытудағы аса маңызды қадам екенін алға тартады. Жаңа темір жол нысанымен сапарға шығатын отандық және өзбеккстандық азаматтар мен шетел жихангездері үшін енді өңірдің бай рухани және тарихи-мәдени мұрасын танып, ежелгі сауда керуенімен саяхат құру әлдеқайда жайлы әрі қолжетімді болады.
Мейіржан Әуезов, ҚР Туризм және спорт министрлігі басқармасының басшысы:
- Төрт күнге жалғасатын халықаралық теміржол туры туристерге ежелгі қалалардың атмосферасына еніп, Ұлы Жібек жолының ізімен саяхаттауға мүмкіндік береді. Маршрут Түркістан мен Ташкенттің басты көрікті жерлеріне баруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, саяхатшылар Орталық Азия аумағындағы ең көне қалалардың бірі Отырар қалашығы, сонымен қатар Арыстан-баб кесенесі, Орталық Азиядағы ең үлкен «Керуен-Сарай» кешенін аралауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, турда Ташкенттің ежелгі көрікті жерлері мен заманауи дамуымен де танысуға мүмкіндік беріледі.
Жеңіс Ермұқанов