Биылғы жыл басынан бері Шымкент қаласының негізгі капиталына салынған
инвестиция көлемі 31% ұлғайып, 360 млрд теңгені құрады. Қала әкімі Ғабит
Сыздықбеков Мемлекет басшысына шаһардың дамуы жөнінде есеп берді. Биыл
өнеркәсіп саласында жалпы құны 680 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Шымкенттің
өнеркәсіптік әлеуетін арттыру үшін «Жұлдыз» және «Бозарық» жаңа индустриялық
аймақтары іске қосылғаны айтылды. Шаһарда жеке кәсібін дөңгелетіп жүрген шағын
және орта бизнес субъектілерінің саны 139 мыңнан асты. Құрылыс қарқын алып, 517
мың шаршы метрден астам тұрғын үй тапсырылды. Оңтүстік айналма жолы және 2 ірі
жолайрық пайдалануға берілді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және
орта бизнесті қолдау шараларын күшейту, әуежайға жаңа ұшу-қону жолағын төсеу
және қосымша инвестиция тарту жөнінде нақты міндеттер жүктеді.

