Мемлекет басшысы Астанада Мьянма Президентінің міндетін атқарушы Мин Аун
Хлайнмен келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев оның сапары елдердің
ынтымақтастық орнатуына мүмкіндік беретінін атап өтті. Оның пікірінше, Мьянма
өзіндік мәдениеті, бірегей дәстүрі бар және геостратегиялық тұрғыдан маңызды
ел. Қазақстан Еуразияның басты транзит торабы ретінде «Бір белдеу, бір жол»
мегажобасын, Солтүстік – Оңтүстік және Орта дәліз көлік бағыттарын дамытуға
белсенді түрде атсалысуда. Тараптар екі ел экономикасының ерекшеліктерін ескере
отырып, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қаржы, ІТ және цифрландыру секілді
маңызды салаларда өзара ықпалдастық әлеуетіне тоқталды. Президент мейманға
Қазақстанның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері, сондай-ақ еліміздің
орнықты дамуын қамтамасыз ету аясындағы стратегиялық міндеттері туралы мәлімет
берді. Мин Аун Хлайн Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлық танытқаны үшін алғыс
айтып, өзара мүддеге сай бағыттар бойынша конструктивті ынтымақтастық орнатуға
және бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін растады.

