Қазақстан мен Моңғолия Президенттері келіссөздер жүргізді

Қазақстан мен Моңғолия Президенттері келіссөздер жүргізді

Ақордада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухты салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Президенттер бір-біріне делегация мүшелерін таныстырған соң Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, екі елдің әнұрандары орындалды.

Президенттер шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев моңғол көшбасшысының сапары екі ел арасындағы достық қарым-қатынасты дамытуға тың серпін беретініне сенім білдірді. Бүгінде ол қарқынды түрде дамып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылы Моңғолияға жасаған мемлекеттік сапары өзара байланысты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге тың серпін берді. Сол кезде 11 құжатқа қол қойылып, 2027 жылға дейінгі ынтымақтастықтың жол картасы бекітілді. Былтыр арадағы сауда -саттық 130 млн долларды құрап, тауар айналымы 8% ұлғайды. Ендігі мақсат алыс-беріс көрсеткішін 500 млн долларға жеткізу.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Өнеркәсіп саласына қатысты нақты жобаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бүгін елордамызда Қазақ-моңғол бизнес-форумы өтеді. Оған Моңғолиядан келген көптеген компаниялар қатыспақшы. Біз мұны толық құптаймыз. Сіздің де тарапыңыздан көрсетілген қолдауға ризашылығымды білдіремін.

Ухнаагийн Хурэлсух, Моңғолия Президенті:

- Достық қатынастарды одан әрі күшейтуге, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың аясын кеңейтуге сыртқы саясатымызда ерекше басымдық береміз. Соңғы екі жылда көптеген ортақ міндеттерді қолға алып, өзара серіктестігімізді жаңа деңгейге көтердік. Екі ел арасындағы сенімді байланыстарды нығайтуда заң шығарушы органдар айрықша рөл атқарады.

Келіссөздер қорытындысы бойынша Президенттер бірлескен брифинг өткізді. Қазақстан тарапы олардың жемісті өткенін мәлімдеді. Талқыланған басты тақырыптардың бірі көлік-транзиттік саладағы өзара іс-қимылды арттыру болды. Тараптар Астана - Ұлан-Батыр және Өскемен - Өлгей рейстерін жаңартады. Автокөлік жолы құрылысын қолға алу мәселесі қаралды. Екі тарап та жобаға қызығушылық танытты. Бұдан бөлек, Қазақстан мен Моңғолияның тау-кен өндірісі, цифрландыру және ауыл шаруашылығы салаларындағы бірлескен жобаларының әлеуеті зор.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

–  Қазіргі заманда мал өнімдерінің халықаралық стандарттарға сай әрі қауіпсіз болуы аса маңызды. Қазақстанда мал ауруына қарсы тиімді вакцина өндірісі жолға қойылған. Біз еліміздің вакциналарын Моңғолияға жеткізу, болашақта бірлескен өндіріс орындарын ашу мүмкіндігін қарастыруға мүдделіміз. Сондай-ақ Моңғолияның жерді ғарыштан бақылайтын жүйе құру бастамасына қолғабыс етуге дайынбыз. Осы салаға қажетті білікті мамандарды да даярлауға болады.

Тараптар мәдени-гуманитарлық байланысты да талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев моңғолиялық әнші Мишель Джозефтің өткен күзде Астанадағы Silk Way Star халықаралық вокалдық байқауындағы жеңісін атап өтті. Қазақстан сондай-ақ Моңғолия азаматтары үшін жыл сайын бөлінетін білім беру гранттарының санын ұлғайтуға әзір, деді мемлекет басшысы. Сонымен қатар, Ұлан-Баты рда қазақстандық жетекші жоғары оқу орындарының бірінің филиалын құру туралы ұсыныс айтылды. Жалпы, келіссөздер қорытындысы бойынша 13 құжатқа қол қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Моңғолия Президентін «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Президент жоғары мемлекеттік награданы тапсыру қазақ халқының оған деген терең құрметін білдіретінін жеткізді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?