БҰҰ мен АҚШ Қазақстанның әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғау туралы жаңа заңына қолдау білдірді

Біріккен Ұлттар Ұйымы және АҚШ Қазақстанның әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауға қатысты жаңа заңына қолдау білдірді. Олар  осы бағытта жасалған заңсыз әрекеттерді қылмыстық санатқа жатқызуды құп көреді. Яғни, құжат аясында айыпталушылар қолымен жасағанды мойнымен көтеру үшін қатаң жазаға тартылуын жөн санайды. Пайымдарынша, бұл қиын жағдайға тап болған нәзік жандылар мен балғындардың мүдделерін қорғаудың жарқын үлгісі. 

Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі:

– Бұл гендерлік зорлық-зомбылықты тоқтату жолындағы үлкен қадам. Яғни, Қазақстанның адам құқықтарын, әсіресе әйелдер мен балаларды қорғауды жақтаудың белгісі. Елдің бұл бағытта жасалған қылмыстарға төзбеушілік саясатын ұстанатынын көрсетеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы осы төзбеушілік саясатын әрбір әйел мен ер адам, қыз және ұл үшін шындыққа айналдыру жолында Қазақстанмен жұмыс істеуді жалғастыруға, әрі азаматтық қоғамға және елдегі барлық адамдарға қолдау көрсетуге дайын. 

Кристофер Соренсен, Қазақстандағы АҚШ елшілігінің пресс-атташесі:

– Біз Қазақстанның әйелдердің құқықтары мен балаларды қорғауды күшейтетін жаңа заң қабылдауын құптаймыз. Бұл мәселе ешбір елдің, қоғамның немесе кез келген әлеуметтік-экономикалық топтың назарынан тыс қалмайтыны анық. Біз қазақстандық қоғамның тұрмыстық зорлық-зомбылық – қылмыстық әрекет деген пікірімен толық келісеміз.