Кен орындарын игеруден бастап толыққанды өндірістік кешен құру. Қазақстан
Америка Құрама Штаттарымен ынтымақтастық аясында дәл осындай тәсілді дамытуды
ұсынады. Әңгіме маңызды минералдар саласындағы жобаларды бірлесіп жүзеге асыру,
қайта өңдеу және жоғары технологиялық өндіріс ошақтарын құру, сондай-ақ
индустриялық кластерлерді дамыту туралы болып отыр. Бірлескен зерттеу және
инжинирингтік орталықтарды ашуға, сондай-ақ инженерлік және техникалық
кадрларды даярлауға ерекше назар аудару жоспарланып отыр. Бұл туралы Астанада
Орталық Азия елдері мен АҚШ-тың қатысуымен өткен C5 + 1 диалогының отырысында
Қазақстанның өнеркәсіп және құрылыс министрі мәлімдеді. Ерсайын Нағаспаев
әлемдік нарықтарға маңызды минералдарды жеткізу тізбектерінің сенімділігін
арттыру үшін Орта дәліздің көлік инфрақұрылымын нығайту да басты назарда екенін
атап өтті. Диалог қатысушылары, соның ішінде мемлекеттік органдардың,
халықаралық ұйымдардың, бизнес пен сарапшылар қоғамдастығының өкілдері Орталық
Азия елдері мен АҚШ арасындағы жаңа инвестициялық жобаларды және өнеркәсіптік
ынтымақтастық аясын кеңейту мәселелерін талқылады. Еске сала кетейік, бүгінде Қазақстанның
ресурстық базасында 9,5 мыңнан астам кен орны бар. Оның
100-ден астамында сирек жер металдары қоры шоғырланған.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Қазақстан шикізат
экспорттауға ғана емес, бірлескен өндірістерді дамытуға, технологиялар
трансферіне, білікті кадрлар даярлауға және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты
тереңдетуге мүдделі. Мемлекеттердің, бизнестің және халықаралық серіктестердің
күш-жігерін біріктіру арқылы ғана аса маңызды минералдардың тұрақты әрі
жан-жақты жаһандық жеткізу жүйесін қалыптастыруға болады. Осы Диалог Орталық
Азия мемлекеттері мен Америка Құрама Штаттары арасындағы ынтымақтастықты одан
әрі нығайтуға берік негіз болады деп сенемін.

