Қазақстан Қытайға жеткізілетін өнім түрлері мен нарыққа шығатын отандық экспорттаушылардың тізілімін кеңейтуге ниетті. Ал аспан асты елі біздің астықты қабылдауын ұлғайтуға мүдделі. Бұл жөнінде Қазақстан Премьер-министрі мен ҚХР-ның еліміздегі елшісінің кездесуінде айтылды. Былтыр 11 айда өзара тауар айналымы 44 млрд долларға жуықтаған. Жақын арада алыс-берісті екі есеге дейін ұлғайту жөнінде Мемлекет басшылары уағдаласты. Осы уақытта жүк тасымалы да 29 млн тоннадан асып, 2023 жылдан 13% өскен. Тараптар оны жетілдіру үшін жаңа өткізу пункттерін ашу, қолданыстағыларды жаңғырту мен шекара маңындағы кеме қатынасын дамыту жөнінде бірлескен шараларды нақтылады. Қытай Қазақстанның 5 үздік инвесторының қатарына кіреді. Бүгінде жалпы құны 8,7 млрд долларға 62 бірлескен жоба іске қосылып, АҚШ валютасында 13,5 млрд-тық 55 ортақ бастама жүзеге асырылу сатысында. Жалпы пулға 60 жарым млрд доллардан көп 200-ден астам инвестициялық жоба кіреді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

