Қазақстанда биыл да қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыру үшін белсенді жұмыс жалғасады. Осының қамында жақында халықты экологиялық бастамалардан хабардар ететін «Эко іс-шара» қосымшасын E-gov және басқа да мобильді жүйелерге енгізу көзделген. Мәдениет және ақпарат министрлігі сондай-ақ, алдағы көктемде «Таза лайк» жобасы басталатынын мәлімдеді. Ол ғалымдар, сала мамандары және қоғамдық ұйымдар арасында экологиялық мәселелерді шешу үшін ортақ тұғырнамаға айналмақ. Бұдан бөлек оқушылар мен жастардың қоршаған ортаны қорғау тақырыбындағы озық ойларын жинау қамында «Аяла» атты арт-фестиваль өткізу жоспарлануда. «Жасыл мектеп» жобасы 500 мың оқушыны және 3 млн астам ата-ана мен олардың туыстарын тартуға мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен қатар, бірқатар экологиялық киножоба іске асады. Мәселен биыл орманшылар туралы фильм, эко-белсенді жайында сериал және «Саяхат Тайм» трэвел шоу» ұлттық тележобасы мен кішкентай көрермендердің экологиялық танымын дамытатын 3 анимациялық туынды түсіріледі. Сондай-ақ, бірлескен халықаралық акциялар қолға алынады. Мәселен, Каспий теңізін тазарту елімізден басталып, Әзербайжан тарапына табысталмақ. Дәл сол сияқты басқа да шекаралас жерлерде осындай игі жобалалды іске асыру межеленген.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

