Үндістан биыл 10 айдың ішінде Қазақстан экономикасына 15 млн долларға жуық инвестиция құйды. Осылай деп мәлімдеген еліміздегі Үндістан елшілігінің басшысы Шубдаршини Трипатидің айтуынша, отандық нарық үнді кәсіпкерлері үшін өте тартымды. Өйткені еліміздің аумағында бірлескен кәсіпорындар құру оларға шекаралас нарықтарға жол ашады. Сондай-ақ Қазақстан – Үндістанның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесі. Бүгінде Оңтүстік Азия мемлекеті бізден мұнай, уран, фосфор, түрлі тыңайтқыш пен минерал сынды өнімдерді импорттайды. Өз кезегінде Үндістан дәрі-дәрмектер, ұялы телефонға арналған керек-жарақтар, кірпіш пен кремний блоктары сынды құрылыс материалдарының кейбір түрлерін жібереді. Осылайша екіжақты алыс-беріс бір ізге салынған. Тек осы жылдың қаңтар-қазан айларында тараптардың тауар айналымы 1,8 млрд доллардан асқан.
Шубдаршини Трипати, Үндістанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
- Биыл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын тойлап жатқан Қазақстан мен тәуелсіздіктің 75 жылдығын атап өтетін Үндістан үшін мерейлі жыл болды. Үндістан мен Қазақстанды ұзақ жылғы қарым-қатынас сабақтастырады. Тараптар арасында байланыстың орнағанына 2 мың жылдан асқан. Ұлы Жібек жолы дәуірінен басталған сабақтастық әлі де лайықты жалғасын табуда. Екіжақты саяси байланыс, іскерлік қарым-қатынас үзілмей келеді. Екі ел БҰҰ, ШЫҰ сынды беделді ұйымдарға мүшелік етеді. Ынтымақтастық аясын арттыру әлеуеті әлі де баршылық.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов