Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов жұмыс сапары
аясында ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Цянмен кездесті. Тараптар жетекші
салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Әсіресе көлік-логистика
саласында Қазақстан аспан асты елі мен Еуропа арасындағы құрлық тасымалында
шешуші рөл атқарады. Республика аумағы арқылы жүк ағынының 85%-дан астамы
өтеді. Былтыр елдеріміз арасындағы теміржол тасымалы 11% өскен.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Өткен жылы өзара сауда көлемі 48 млрд доллардан асып,
тауар айналымын екі есе өсіруге бағытталған жаңа биік мақсаттарға қарай
ілгерілеп келеміз. Қытай Қазақстан
экономикасындағы ең ірі 5 инвестордың қатарына кіреді және шамамен 30 млрд
доллар көлемінде инвестиция салды. Өткен жылы Қытайдан тартылған инвестициялар
көлемі 2,8 млрд долларды құрады, бұл екіжақты қатынастар тарихындағы рекордтық
көрсеткіш болды.
Сондай-ақ Олжас Бектенов Аспан асты елінің Далянь қаласында «Бір белдеу, бір жол» бастамасына арналған сессияға қатысты. Жиында осы бастамаға қатысушы елдердің сауда бағыттары мен жеткізу тізбектерін қайта құруы, цифрлық инфрақұрылым мәселелері және бастаманың 2040 жылға дейінгі келешегі талқыланды. Осы орайда Қазақстан соңғы 7 жылда көлік-транзит инфрақұрылымын дамытуға 35 млрд доллардан астам қаржы жұмылдырғанын айта кету керек. Ақтаудағы контейнерлік хаб, Сиань құрғақ порты, «Достық – Мойынты» теміржолы секілді ірі жобалар жүзеге асырылды.

