Қазақстан мен Қырғызстан ынтымақтастық аясын кеңейтуде

Қазақстан мен Қырғызстан ынтымақтастық аясын кеңейтуде

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғызстанға ресми сапары «Ата бейіт» ұлттық тарихи-мемориалдық кешеніне зиярат етуден басталды. Мұнда репрессия құрбандары жерленген. Қазақстан Президенті қырғыз халқының кемеңгер жазушысы Шыңғыс Айтматовтың рухына тағзым етті.

Одан әрі ресми сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровпен келіссөз жүргізді. Тараптар көлік-транзит, энергетика, су, аграрлық және цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады. Бұдан соң Мемлекет басшыларының төрағалығымен Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің жетінші отырысы өтті. Мұнда тараптар сауда-саттық әлеуетін арттыру мәселелеріне басымдық берді. Мәселен, қазіргі таңда өзара тауар айналымы шамамен 2 млрд долларды құрайды. Алдағы мақсат алыс-беріс көлемін 3 млрд долларға жеткізу. Осының қамында Ынтымақтастықтың жол картасына қол қойылды.

Қасым Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Былтыр Одақтастық қатынастарды кеңейту туралы тарихи шартқа қол қойдық. Бүгін біз Ынтымақтастықтың кешенді жоспарын қабылдаймыз. Осы маңызды қадамдар қазақ-қырғыз байланысын дамытуға тың серпін береді деп сенемін. Екі елдің үкіметтері бұл жоспарда көрсетілген мақсат-міндеттерді басшылыққа алуға тиіс.

Келіссөздер қорытындысы бойынша қос ел көшбасшылары БАҚ өкілдері үшін мәлімдеме жасады. Өзара сауданы жетілдіру үшін келесі жылы қазақ-қырғыз шекарасында Индустриялық сауда-логистика кешені іске қосылмақ. Екі елдің агроөнеркәсіптегі әлеуеті зор. Бұл саладағы тауар айналымы жалпы сауда-саттықтың 25% тең. Сондықтан өнім көлемін арттыру, бірлескен кәсіпорындар ашу өте маңызды. Осы орайда қос жақтың үкіметтері алдағы 2 жылға арналған Жол картасын әзірлейді.

Қасым Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Қазақ-қырғыз шекарасының өткізу мүмкіндігін арттыруға баса мән бердік. Жүк тасымалы мәселесіне де ерекше назар аудардық. Соңғы кезде осы бағытта бірқатар ауқымды іс-шара атқарылды. Қазір шекарадағы сегіз өткізу бекетін жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс алдағы екі жылда толық аяқталады. Оны екі ел үкіметі ерекше бақылауда ұстайды. Мұның бәрі өзара сауда көлемін арттыруға септігін тигізеді.

Садыр Жапаров, Қырғызстан Республикасының Президенті:

- Біз сауда көлемін ұлғайту, өзара сауда-cаттықтағы тауарлар номенклатурасын кеңейту және бизнеске қолайлы жағдай жасау мәселелерін талқыладық.

Тараптар таяу арада Өңіраралық форумның кезекті отырысын өткізуге келісті. Қасым-Жомарт Тоқаев қырғыз әріптесін еліміздің жоғары мемлекеттік наградасы - «Алтын Қыран» орденімен марапаттады. Мемлекет басшылары Бішкек қаласында «Достықтың алтын көпірі» ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. Монумент қос халықтың ұлы қаламгерлері Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовқа арналған. Бұл ғимаратта Ұлы Отан соғысы жылдары Фрунзе жаяу әскер училищесі орналасқан. Жазушы Кемел Тоқаев дәл осы жерден майданға аттанған. Білім ошағына оның есімін беру туралы бастаманы Садыр Жапаров биыл мамыр айында көтерген болатын.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?