Астанада бірінші «Орталық Азия – Италия» саммиті өтті

Астанада бірінші «Орталық Азия – Италия» саммиті өтті

Қазақстан Италияға жалпы құны 1 миллиард долларға жуықтайтын тауардың 100-ден аса түрі бойынша экспорт көлемін арттыруға дайын. Олардың қатарында металлургия, машина жасау, мұнай-химия өнеркәсібі және басқа да өнімдер бар. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші «Орталық Азия – Италия» саммитінде мәлімдеді. Ол өңірлік кооперацияның күшейіп келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Орталық Азия халықаралық қатынастың ықпалды субъектісі ретінде өз ұстанымын нығайтып келеді. Президент «Орталық Азия+» форматында Италия мен аймақ елдерінің өзара тиімді ынтымақтастығын кеңейтуге ықпал ететінін айтты. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев Италиямен ықпалдастықтың перспективті бағыттарына қатысты ойымен бөлісті.


Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


– Сауда-экономикалық байланысты тереңдету – басты басымдық. Әлемнің негізгі экономикалық полюстері арасындағы тарифтік қақтығыстың салдары барлық ел үшін ауыр болуы мүмкін. Мұндай жағдайда бұрын жолға қойылған сауда-экономикалық байланыстарды сақтап қалумен бірге, оны нығайтуға күш салу да өте маңызды. Біздің ойымызша, бірлескен жобаларды іске қосуға, ең алдымен, қосылған құны жоғары өнім шығару есебінен тауарлардың түрін көбейтуге баса мән беруге болады.


Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдері Еуропаға өздерінің агроөнеркәсіп өнімдерін жеткізуде мол әлеуетке ие деп санайды. Бұдан бөлек, сауда үйлері мен логистикалық орталықтардың ашылуы елдер арасындағы сауда-саттыққа тың серпін береді. Осы орайда, Қазақстан Президенті Алматыда Италия сауда үйін ашуды ұсынды. Сонымен қатар, серіктестік үшін тағы бір өзекті сала – энергетика.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


– Еліміз Еуропа Одағына мұнай экспорттаушы мемлекеттердің алғашқы үштігіне кіреді. Былтыр Қазақстаннан Италия нарығына жеткен мұнай көлемі 30 миллион тоннадан асты. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштен 27 пайызға артық. Қажет болған жағдайда оның көлемін арттыруға дайынбыз. Сонымен қатар, болашағымыз баламалы энергия көздеріне байланысты болмақ. Бұл қазірдің өзінде анық байқалады. Төмен көміртекті экономикаға жүйелі түрде көшу – Қазақстан басымдықтарының бірі. Италиялық серіктестерімізбен бірлесіп, еліміздің бірқатар өңірінде жел мен күн электр станцияларын салып жатырмыз. Аталған жобалар үшін ризашылығымызды білдіреміз.

Қазақстан Орталық Азиядағы сирек металдардың кен орындары туралы барлық өзекті ақпаратты жинақтайтын Аймақтық зерттеу орталығын құру туралы бастама көтерді. Сондай-ақ, бiрлескен кәсiпорындар құру, технологиялар трансфертi, италиялық өндiрiстi өз аймағымызда локализациялау да маңызды. Президент тағы бір маңызды мәселе Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыта отырып, трансконтиненталды байланысты нығайтуға тоқталды. Және білім беру мен мәдениет салаларындағы ықпалдастық жайын да айтты. Президент 2026 жылы «Орталық Азия мен Италияның мәдениет жылы» тақырыбы аясында бірлескен іс-шаралар легін өткізуді ұсынды.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?