Қазақстан мен Оңтүстік Корея ынтымақтастығының жаңа көкжиегі. Қос тараптың негізгі бағыттардың бірі Алатау қаласын дамыту болады. Қазір екі ел арасында осыған мүмкіндік беретін арнайы үкіметаралық келісім әзірленіп жатыр. Құжат өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын және жобаның одан арғы жол картасын айқындайды. Жобаға кореялық KIND корпорациясы қатысуға дайын. Компания жаңа шаһардың бас жоспарын әзірлеп, көлік инфрақұрылымын дамытуға және цифрлық жүйемен басқарылатын инженерлік жүйелерді енгізуге атсалысады. Астанада екі елдің сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі бірлескен комиссиясының 11-ші отырысында жобаны іске асыру мәселелері талқыланды. Еске сала кетейік, жақында Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы Конституциялық заң қабылданды. Құжат инвесторлар үшін ерекше жағдайларды, жеңілдетілген әкімшілік рәсімдер мен бизнесті қолдаудың заманауи тетіктерін көздейді.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Қазақстан тарапының бастамасымен Алатау қаласын дамыту жөніндегі үкіметаралық келісімді әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Менің білуімше, тиісті жұмыс екі тараптың қатысуымен басталып кетті. Бұл құжат ынтымақтастықтың ортақ бағыттары мен басымдықтарын айқындап, алдағы іс-қимылдардың жол картасын бекітуге мүмкіндік береді. Осылайша, қос тарап та аталған құжатты жедел қарап шығып, биыл Мемлекет басшысының Кореяға сапары кезінде қол қоюға дайын болады деп сенемін.
Ынтымақтастық бұнымен шектелмейді. Айта кетейік, бүгінде елдер жалпы құны 4 млрд долларға жуық 46 бірлескен жобаны іске асырып жатыр. Тараптардың серіктестігі өнеркәсіп, энергетика, құрылыс, көлік және жоғары технологиялық салаларда қарқынды дамуда. Транскаспий көлік бағдарын дамытуға ерекше назар аударылады. Қазақстан корей компанияларын Орта дәліздің инфрақұрылымын жаңғыртуға қатысуға шақырды. Естеріңізге сала кетейік, Оңтүстік Корея біздің еліміздің негізгі экономикалық серіктестерінің қатарына кіреді. Мәселен , соңғы 10 жылда корей инвестициясының көлемі 8 млрд долларға жетті. Былтыр екі жақты сауда айналымы 3 млрд доллардан асқан.
Ким Чжон Кван, Корея Республикасының Сауда, өнеркәсіп және ресурстар министрі:
- Ресурстық ынтымақтастық және өнеркәсіптік жобалар сияқты дәстүрлі
бағыттарға аса маңызды минералдар, технологиялық және жаңа қалаларды дамыту
саласындағы өзара іс-қимыл қосылды. Екі ел арасындағы жан-жақты экономикалық
әріптестік туралы келісім бойынша жұмысты жандандыру қажет деп санаймын. Бұл
құжат экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және жеткізу тізбектерінің
тұрақтылығын арттыруға берік негіз болады.

