Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігімен ипотеканың жаңа түрі іске қосылуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет отырысында «Бәйтерек» ұлттық басқару холдингінің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаев мәлімдеді. Оның сөзінше, зейнетақы жинақтарының баспана алуға жұмсауға болатын шекті мөлшерінің өсуі және алдағы жылы «7-20-25» бағдарламасының аяқталуына байланысты 500 млрд теңге ипотекаға немесе 35 мың пәтерге деген сұраныстың төмен болуы болжануда. Сәйкесінше, тұрғын үйді сату жылдамдығы айтарлықтай төмендеуі мүмкін. Бұған жол бермеу мақсатында екінші деңгейлі банктердің ипотекасы бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау тетігін іске қосу ұсынылады. Базалық шарттар сол күйінде қалмақ. Бастапқы жарна 20%-тен басталатын 35 миллион теңгеге дейінгі несиені 20 жылға рәсімдеуге болады. Басты талап төлем қабілетін растау.
Қанат Шарлапаев, «Бәйтерек» ҰБХ басқарма төрағасы:
– Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесінің деңгейінен 5% аспайтын ипотека бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 7% субсидияланады. Екінші деңгейлі банктер өз қаражаты есебінен құрылыс салушылардың бастапқы тұрғын үйіне және Қазақстан тұрғын үй компаниясының кепілдігімен қамтамасыз етілген салынып жатқан тұрғын үйге қарыз бере алады. Осы бағдарламаны іске қосу үшін заңнамалық өзгерістер қажет емес. Қазіргі уақытта бюджеттік өтінім Қаржы министрлігінің қарауында. Бюджет мақұлданғаннан кейін, Қазақстандық тұрғын үй компаниясы осы бағдарламаны дереу іске қосуға дайын.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов