Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов Экономикалық ынтымақтастық ұйымының XVII саммитіне қатысты. Әзербайжанның Ханкенді қаласында өткен отырыс барысында Ұйымға қатысушы елдер арасындағы экономикалық ынтымақтастық мәселелері жан-жақты қаралды. Жалпы жиында көлік және логистика, энергетика, климаттық қауіпсіздік, цифрлық трансформация сынды негізгі салалардағы өзара іс-қимылға назар аударылды. Саммит жұмысы аясында Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің Ауғанстан Премьер-министрінің орынбасары Абдул Гани Барадармен екіжақты кездесуі өтті. Онда тараптар өзара сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, агроөндірістік кешен салаларындағы ынтымақтастық әлеуетін талқылады. Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміз «Тургунди-Герат» теміржолының құрылысына инвестиция салуға дайын екенін атап өтті. Оның құрылысы бүкіл өңірдің дамуына ықпал етпек. Жақында тараптар тиісті меморандумға қол қоюды жоспарлап отыр.

