Қазақстанда кәсіпкерлікке міндеттелген әкімшілік жүктеме азаяды

Қазақстанда кәсіпкерлікке міндеттелген әкімшілік жүктеме азаяды

Қазақстанда кәсіпкерлікке міндеттелген әкімшілік жүктеме азаяды. Осыған бағытталған бизнесті мемлекеттік бақылаудың жаңа жүйесін енгізу туралы заң жобасын бірінші қаралымда Парламенттің төменгі палатасының депутаттары қабылдады. Олардың қарауына жобаны Ұлттық экономика министрі ұсынды. Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бұл жоба бизнесті жазалаудан қарағанда, заңбұзушылықтардың алдын алуды көздейді. Осылайша, 326 түзету бақылау мен қадағалаудың түрлерін анықтап мен заң бойынша жедел әрекет ету шараларының регламентін бекітуге бағытталған. Десе де, ведомство басшысы, отандық кәсіпкерлер өз теріс әрекеттері үшін жауапкершілік арқалайтынын ұмытпағаны жөн екенін ескертті. Әйтпеген жағдайда, оларға жан-жақты тексеріс жүргізіледі.

Әлібек Қуантыров, ҚР Ұлттық экономика министрі:
-
Егер кәсіппен айналысатын нысан және кәсіпкерлер заңды белшесінен басып, мемлекетке кесірін келтіретін әрекеттерге барса, адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірсе, экология мен ұлттық қауіпсіздікке зиян тигізсе ғана күтпеген жерден тінту болады. Сонымен қатар, алдын ала бақылау жүргзілмеген жағдайда және кәсіпкерлермен байланысу мүмкін болмаған кезде осындай шараға баруға тура келеді.

Халық қалаулыларының алдына ұсынылған екінші заң жобасы да кәсіпкерлерге қатысты. Бірақ, тек өз тауарын шетелге экспорттайтындар турасында. Оларды қолдау мақсатында, Қазақстанда мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Kazakhexport аясында экспорттық-несие агенттігі құрылмақ. Тиісті заң жобасында 36 жаңа өзгерту енгізу жоспарланып отыр. Оны депутаттар қолдап сенат қарауына жіберді. Қабылданған жағдайда, бұл құжат келесі жылдың басында-ақ өз күшіне енуі мүмкін.

Руслан Қожасбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі:
-
Бұл заң жобасы шикізаттық емес тауар түрлерін экспорттайтын кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған. Қарапайым тілмен түсіндіретін болсақ, қайта өңдейтін өнеркәсіп түрлерін қолдау. Қазір, қайта құрылған агенттік төңірегінде, яғни, экспорттық-несие агенттігінің аясында біз қосымша өкілеттілік беріп отырмыз. Оның ішінде, кепілдік, пайыздық мөлшерлемеге субсидия бөлу мен бизнеске Қазақстан аумағында ғана емес шетелде де толық қолдау көрсету секілді 3 негізгі әрі маңызды міндет жүктедік. Ең бастысы – біз бірыңғай терезе принципін жүзеге асырамыз.