Елордада өтіп жатқан Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумында ел Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу осылай мәлім етті. Бұл мақсатта солтүстік-оңтүстік және шығыс-батыс бағытындағы трансқұрлықтық және Транскаспий көлік дәлізінің әлеуетін барынша арттыруға басымдық берілмек. Бұған қоса, Қазақстан өңірлік су-энергетикалық консорциум құруды ұсынып отыр. Яғни, тапшылық кезінде суды әділ және ұтымды бөлу басты мәселеге айналды. Аймақ осы түйткілді ортақ мәселенің түйінін бірге шешетін болады. Елімізде Орталық Азия мен Ауғанстанды тұрақты дамыту жөніндегі БҰҰ хабын құруда күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі болды. Себебі халықаралық сарапшылардың пікірінше, қауіпсіздік пен бейбітшілік орнату тұрғысынан Қазақстанның өзгелерге үлгі болары хақ.
Мұхаммад Хасан Шейх Әл Ислами, Иран СІМ саяси және халықаралық зерттеулер институтының президенті:
- Бүгінде тартылыс күші Батыстан шығысқа алмасып келеді. Бұл ретте Қазақстанның рөлі ерекше. Себебі Қазақстан бүгінгі таңда Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті тоғыстыратын маңызды торапқа айналып келеді. Қазақстан өркендеудің көпіріне айналды десем артық айтпаспын. Салиқалы ел басшылығының жетекшілігімен Қазақстанның бұл мақсатқа жетуінің күні алыс емес. Бұл ел тұрақты даму мақсаттары мен әділетті қоғам қалыптастыру бойынша халықаралық деңгейде маңызды рөлге ие.
Пэк Джу Хен, «EURASIA21FORUM» вице-төрағасы /Корея/
- Қазақстан – халықаралық қауымдастық пен халықаралық экономикаға өз көзқарасы бар ел. Президент Тоқаевтің жетекшілігімен Үкімет күрделі әлеуметтік-экономикалық мәселелерге басымдық беруде. Бұл жағы сәтті шешімін тауып келетінін байқадым. Қазақстан Орталық Азияда жалпы Еуразия аумағында бейбіт әлем құру үшін көп дүние тындырып үлгерді. Мәселен осы жерде әлемдік Дін басшыларының басы қосылды. Мұның маңызы өте зор. Себебі мұндай шаралар эжыл сайын өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешуде тың серпін береді.
Еске салайық, елордада «Өзгермелі әлемдегі Азия: Болашақтың күн тәртібі»
тақырыбында Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық форумы өтуде. Оған
Азия елдерінен келген 60-тан астам сарапшы қатысуда. Мақсат бір – аймақтың
тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету.