Тәуелсіздік сарайында Кипр Республикасының Президентін ресми қарсы алу рәсімі өтті. Бұл Никос Христодулидистің Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Мемлекеттер басшылары бір біріне ресми делегация мүшелерін таныстырған соң, құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт беріп, Қазақстан мен Кипрдің әнұрандары шырқалды.
Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы Кипр Президентіне ілтипат білдіріп, оның Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапарының тарихи мәнін атап өтті. Елдер арасындағы қарым-қатынас белсенді дамып келеді: екі мемлекеттің елордасында елшіліктер ашылып, тікелей әуе рейстері іске қосылды. Астанаға бұл бағыттағы алғашқы ұшақ бүгін қонды - Кипр Президенті осы бортпен ұшып келген. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты әріптестікті кеңейту үшін айтарлықтай әлеует бар екенін атап өтті. Президент Қазақстанның кең ауқымды ынтымақтастық бағыттарын одан әрі арттыруға дайын екенін растады. Өз кезегінде Никос Христодулидис бұл келіссөздердің екі ел арасындағы серіктестікті нығайтатынына сенім білдірді. Кейін Мемлекет басшыларының келіссөздері екі ел делегацияларының қатысуымен өткен кеңейтілген құрамда жалғасты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
– Біз жаңа ғана шағын құрамда мазмұнды келіссөз жүргізіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бейіл екенімізді растадық. Қазақстан өзара тиімді келісімдерді бекітуге дайын. Өйткені елдеріміз арасында қалыптасқан достықты құрмет тұтамыз.
Қазақстан Президенті Никос Христодулидиспен бірге ауқымды бизнес делегация келгеніне тоқталды. Бұл кипрлік компаниялардың елімізге қызығушылығы артып келе жатқанын байқатады. Осы орайда цифрландыру мен жасанды интеллект, логистика, қаржы, туризм және білім беру салаларындағы кооперацияны кеңейтуге баса мән беру қажет екені айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, бүгінгі бизнес-форум мен Сауда палаталары арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою іскерлік топтардың тікелей диалогын жолға қоюға септігін тигізеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті
– Қазақстан кипрлік
компаниялардың инвестиция құю және елімізде кәсіп ашу ниетін құптайды. Ел
саясатының негізгі басымдықтарының бірі – бизнес пен инвесторларға қолайлы
жағдай жасау. Кипр компаниялары инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда
Үкіметіміздің нақты қолдауына арқа сүйей алады. Бұдан бөлек, парламентаралық
байланыстар елдеріміздің ынтымақтастығына орнықты саяси-құқықтық негіз қалайды.
Никос Христодулидис, Кипр Республикасының Президенті
– Біз Орталық Азия мен Қазақстанның әлемде геосаяси тұрғыдан маңызды рөл атқаратынын білеміз. Қазақстан Еуропа Одағының стратегиялық серіктесі саналады. Кипр – Еуропа Одағына мүше мемлекет ретінде қазақстандық инвесторлар мен компаниялар үшін еуропалық нарыққа шығатын сенімді қақпа. Біз Еуропа Одағы стандарттарына толығымен сай келетін нақты іскерлік ортаны ұсынамыз.
Мемлекет басшысы өзара байланысты тереңдету үшін бірқатар ұсыныстар айтты. Оның ішінде - экономикалық ынтымақтастықтың 2028 жылға дейінгі жол картасын әзірлеу, Экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес құру бастамасы бар. Келіссөздер қорытындысы бойынша ресми делегация мүшелері бірқатар ведомствоаралық келісімдер мен меморандумдар алмасты.
Қазақстан мен Кипр
арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қасым-Жомарт
Тоқаев Никос Христодулидисті І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

