Қола дәуірі жайлы аса құнды археологиялық деректер, қазақ жырларының тарихы мен қайраткерлердің хаттарынның түпнұсқасы. ҚР Ұлттық архивінде ашылған көрме көрнекті қазақ ғалымы – Әлкей Марғұланның 120 жылдық мерейтойына орай осындай бай мұра ұсынды. Қазақ археологиясының атасы атанған тұлға зерттеген тақырыптардың аясы кең. Марғұлан зерттеулері қола дәуірінен бастау алып, 19 ғасырдағы қазақ халқының бетке ұстар ақын-жырауларының шығармашылығына дейін қамтиды.
Сағила Нұрланова, ҚР Ұлттық Архивінің директоры :
-Бұл кісінің қоры өте бай. Қор ішінде Ыбырай Алтынсарин 18 жасында Лев Толстойға жазған хаты бар. Сондай-ақ, қазақ халқының бай 1000 жылдық тарихы бар. Ұлы халық екенін дәлелдейтін жазба-мұралары қазір Ұлттық Архивте сақтаулы. Мынау Ұлытау өңірінің өзінде 150 тасты зерттеген. Қазір олардың жартысы жоқ. Бірақ осы Әлкей Марғұланның зерттеуінің арқасында бізде сол кездегі, сол дәуірдегі тастардың зерттеу жазбалары бар.
Атап өтер жайт, бұрындары осы архивтік құжаттарды тек магистратура мен докторантура студенттері ғана көре алатын. Бүгінде еліміздегі Жоғары оқу орындарындағы бакалавриат студенттері қазақ тарихы жайлы құнды мағлұмат алу үшін Әлкей Марғұлан жинаған деректерді зерделеуіне мүмкіндік бар.