Қазақстан мен Катар әскери ынтымақтастық туралы уағдаласты

Қазақстан мен Катар әскери салада ынтымақтастық аясын кеңейтуде. Былтыр Дохада қол қойылған тиісті үкіметаралық келісімді ел Парламенті мақұлдады. Тараптардың уағдаластығы әскери техниканың транзиті, яғни тасымалдау, әуе кеңістігі мен әскери полигондарды пайдалану, бірлескен оқу-жаттығу өткізуді қамтиды. Сондай-ақ, екі жақ әскери қызметкерлердің тілдік даярлығын жүргізу бағытында әріптестікті нығайтпақ. Бұдан басқа, құжаттағы міндеттемелердің қатарында құпия ақпаратты қорғаудың сақталуын қамтамасыз ету, кедендік рәсімдерге байланысты мәселелерді реттеу жағы да бар. Одан бөлек, тараптар бейбітшілік пен жауынгерлік даярлықты қолдауға байланысты операциялар бойынша өзара консультациялар өткізетін болады. Бұл жұмысты үйлестіру үшін бірлескен жұмыс тобын құру көзделген. Келісім 5 жылға жасалды. Егер ағымдағы мерзім аяқталғанша тараптардың бірі оның қолданысын тоқтату туралы хабардар етпесе, уағдаластық тағы дәл сол уақытқа автоматты түрде ұзартылады.

Андрей Лукин, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Келісім әскери білім беру, медицина, ғылым және жауынгерлік даярлық бағыттарында ынтымақтастықтың кең ауқымын қамтиды.  Ол сондай-ақ бірлескен оқу-жаттығулар өткізу және тәжірибе алмасу үшін тұғырнама құрады. Бұл тараптарға қарулы күштердің кәсіби даярлық деңгейін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Бітімгершілік операциялар бойынша кеңестер өткізу жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі ұстанымын көрсетеді. Келісімді мақұлдау Қазақстан  мен Катар арасындағы екі жақты байланысты тереңдету жолындағы кезекті қадам.  Қорғаныс саласындағы өзара іс-қимыл үшін жаңа әлеуетер ашады және елдердің халықаралық аренадағы ұстанымдарын нығайтады.

Жеңіс Ермұқанов