Мәжілісте қаржы нарығын дамытуды көздейтін заң жобасы қаралды

Қазақстанда шетелдік банк филиалын ашу талаптары жеңілдейді. Ел Мәжілісі тиісті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Оның аясында шетелдік инвесторларға еншілес ұйымды немесе филиалды ашуға рұқсат беру қазіргі 24 құжат тізбесі 17 немесе 8 құжатқа дейін қысқартылады. Бұл қаржы ұйымының рейтінгіне тікелей байланысты болмақ. Сонымен қатар олардың активтеріне қойылатын талаптар 20 млрд-тан 10 млрд долларға дейін төмендетіледі. Бұдан басқа шетелдік банк филиалдарына рұқсат етілген қызмет түрлері кеңейтілмек.

Лицензия алу рәсімі де оңтайландырылады. 

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

– Филиалдардың қызмет түрлері шетел валютасымен айырбастау операцияларын, кастодиандық қызметті және трансфер-агент қызметті жүзеге асыру, синдикатталған қаржыландыруға қатысу, төлем карточкаларын шығару сияқты операциялармен толықтырылады. Екінші кезеңде шетелдік банктің банктік лицензия алуға арналған құжаттар тізбесі де 50 құжаттан 7 құжатқа дейін қысқартылады. 

Сондай-ақ бұл заң жобасы сақтандыру және бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту шараларын көздейді. Бұл ретте сақтандыру ұйымдарына ақпараттық технологиялар саласындағы қызметтері мен инвестициялық мүмкіндіктері кеңейтілмек. Бұдан басқа, ұйымдар мен адамдардың сақтандыру брокерінің капиталына қатысу жөніндегі талап Ақшаны жылыстатумен күрес жөніндегі қаржылық шараларды әзірлеу тобы стандарттарына сәйкес белгіленеді.

Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

– Шетелдік инвесторлардың отандық қор нарығына кіруін жеңілдету үшін Euroclear және Clearstream сияқты халықаралық есеп айырысу ұйымдарының Қазақстанның Орталық депозитарийінде  тікелей шоттар ашу мүмкіндігін белгілеу ұсынылады. Бұл олардың есебін жүргізуге және өз клиенттерінің Қазақстандық бағалы қағаздарға меншік құқығын растауға мүмкіндік береді. 

Жеңіс Ермұқанов.