Кедергісіз сауданы дамыту, іскерлік ахуалды қалыптастыру, туристік әлеуетті ашу. Алматыда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында осы және өзге де мәселелер бойынша Одақтың шеңберіндегі өзара іс-қимылдың негізгі аспектілері мен ынтымақтастықтың әлеуеті талқыланды. Қазақстан Премьер-министрі орнықты экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін қолайлы бизнес-орта қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Бүгінде бірыңғай кеңістік аумағында реттеуші және нақты әсерлерді бағалау тетігі жұмыс істейді. Кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайын жақсарту үшін өзара халықаралық шарттарға нақты әсерді бағалау тетігін қолдану аясын кеңейту ұсынылды. Бұған қоса туристік саладағы ынтымақтастық келешегіне назар аударылды. Танымал бағыттар мен көрікті жерлер туралы бірыңғай ақпараттық ресурс құру бойынша жұмысты күшейту жөнінде ұсыныс енгізілді. Отырыс қорытындысы бойынша үкімет басшылары бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған бірқатар құжаттарға қол қойды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ экономикалық интеграция және өзара сауда-саттықты дамыту үдерісі табысты жүзеге асырылып жатқан аса маңызды алаңдардың бірі ретінде өзінің тиімділігін дәлелдегенін атап көрсетті. Сонымен қатар, ұлттық деңгейде, сондай-ақ одақ шеңберінде сыртқы жағдайларға тиімді бейімделу мүмкіндігі біздің экономикаларымыздың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етудің негізгі факторына айналады. Яғни, бұл тек мүмкіндіктер алаңы ғана емес, сондай-ақ ортақ қызығушылықтар мен әріптестік қарым-қатынастарды нығайтып, әлемдік аренада бәсекеге қабілеттілігімізді арттыруға жол ашады.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

