Қазақстан азаматтары Израильге визасыз бара алады. Қазақстанға Израильдің
Сыртқы істер министрі Гидеон Саар ресми сапармен келіп, қос ел арасында визасыз
режим туралы меморандумға қол қойылды. Бұдан бөлек, Ермек Көшербаев әріптесімен
сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту мәселесін де талқылады. 2025 жылдың
қаңтар-қараша айларында Қазақстан мен Израиль арасындағы тауар айналымы 162 млн
долларды құраған. Соңғы 20 жылда Израильден Қазақстан экономикасына 500 млн
долларға жуық инвестиция тартылды. Израиль сыртқы істер министрімен бірге 30-ға
жуық ірі бизнес өкілдері де келген.
Ермек Көшербаев, ҚР Сыртқы істер министрі:
- Саяси ынтымақтастықтың келешегіне келсек биыл Израйль президенті Герцог
мырзаның Қазақстанға сапары жоспарланып отыр. Кездесуде екіжақты сауда көлемін
ұлғайтуға және инвестициялық кооперацияны дамытуға аса маңыз берілді.
Гидеон Саар, Израиль Сыртқы істер министрі:
- Біз көптеген салаларда Қазақстанмен экономикалық серіктестікті
тереңдетуге мүдделіміз. Президент бастамаларына қолдау танытып, су ресурстарын
басқару, азық-түлік қауіпсіздігі және инновациялар салаларындағы тәжірибемізбен
бөлісуге ниеттіміз.

