Астанада V Еуразиялық экономикалық форум өтті

Астанада V Еуразиялық экономикалық форум өтті

Еуразиялық экономикалық одақ елдеріндегі жасанды интеллект және цифрлық трансформация. Бұл тақырыптар Астанадағы V Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық сессиясының өзегіне айналды. Мәртебелі қонақтар қатарында одақ мемлекеттері - Ресей, Қырғызстан, Беларусь басшылары, сондай-ақ Армения, Куба, Вьетнам, Моңғолия және Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми делегациялары бар. Форумды Қазақстан Президенті ашты. Бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңдер кезінде мемлекеттеріміз үйлесімді іс-қимыл арқылы экономикаларының орнықты дамуын, әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ете алды, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Одақ әлеуетін нығайту стратегиялық міндет. Әлемдік нарықтағы жағдайды құбылмалы - дәстүрлі экономикалық сын-қатерлер үсті-үстіне қабаттасып, ауқымды цифрлық өзгерістер орын алды. АІ қолданысы еңбек нарығының құрылымын түбегейлі өзгертеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Халықаралық валюта қорының бағалауынша, алдағы жылдары жасанды интеллект технологиясының енгізілуіне қарай дүние жүзіндегі жұмыс орындары 40 пайызға дейін қысқаруы мүмкін. Демек, шартараптағы жүздеген миллион адам білімін жетілдіріп, жаңа дағдыларды меңгеруге тиіс. Дәл осы себепті Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық еткен жылы Одақ аясында елдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын «төрт еркіндік» қағидатының құралы ретінде нақты қолдануды ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның цифрлық технологияларды қолданудағы шешімдеріне тоқталды. Биыл елімізде Жасанды интеллект және цифрлық даму жылы деп жарияланды, тиісті министрлік пен құрамына жетекші халықаралық сарапшылар енген жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңес құрылды. Ең бастысы жаңа Конституцияда дербес мәліметтерді қорғау құқығы бекітілді. NVIDIA компаниясының озық технологиялары негізінде екі суперкомпьютер іске қосылды. «Деректерді өңдеу орталықтарының алқабын» құру басты міндет ретінде жарияланды. Адами капиталдың әлеуетін дамыту үшін халықаралық жаңа буын мектептері ашылды, ал орта білім беру жүйесіне АІ енгізілуде.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:


- Қазақстан жедел цифрлық трансформацияны сапалы түрде жүргізу үшін ЕАЭО мемлекеттерімен серіктестікке және ынтымақтастыққа ашық. Менің ойымша, жаңа технологияларды, әсіресе, жасанды интеллектіні сауда және логистика саласына белсенді енгізу аса маңызды. Кедендік рәсімдерді жеделдету мақсатында ұлттық цифрлық жүйелердің байланысын күшейткен жөн. Электрондық цифрлық қолтаңбаны өзара тану бизнес шығындарын айтарлықтай азайтып, ЕАЭО кеңістігіндегі алыс-берісті арттыруға көмектеседі.

Жасанды интеллект әлеуетін логистикада ғана емес, өнеркәсіп кооперациясын кеңейтуде, агроөнеркәсіптік кешенде де пайдалануға болады, деп атап өтті Қазақстан Президенті. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа технологияларды белсенді қолдану мемлекеттердің экономикалық даму факторы және өзара ынтымақтастық құралы болатынына тоқталды. Еуразиялық экономикалық одақ елдері, сондай-ақ бақылаушылар Жасанды интеллектіні жауапкершілікпен дамыту жөніндегі бірлескен мәлімдеме қабылдады. Аталған құжаттың мақсаты – экономиканың негізгі секторларын цифрландыруға қатысты ортақ ұстаным қалыптастыру және жасанды интеллект технологияларын қауіпсіз енгізу.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?