Қазақстан мен Индонезия экономикалық ынтымақтастық аясын кеңейтуге
ниетті. Оның әлеуетін Премьер-министр
Олжас Бектенов Индонезия елінің Экономикалық істер жөніндегі үйлестіруші
министрі Аирлангга Хартартомен кездесу барысында талқылады. Айта кетейік былтыр
екіжақты сауда көлемі 244 млн доллардан асты. Биыл қаңтар-наурыз айларында
тауар айналымы 31,5 млн долларға жетті. Тараптар бұл көрсеткіштерді ұлғайтуда
елеулі әлеует бар деп санайды. Қазақстандық экспорттың негізі өңдеу өнеркәсібі,
металлургия және химия өнімдерінен тұрады, ал Индонезиядан электроника мен
тоқыма жеткізіледі. Жалпы кездесуде энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы
және азық-түлікті қайта өңдеу, тоқыма саласы, ислам банкингі, цифрлық
экономика, білім беру және туризм салаларындағы өзара іс-қимыл көкжиегін
кеңейту жолдары қаралды. Көлік-логистика бойынша бағдарларды дамытуға ерекше
назар аударылды. Атап айтқанда, Қазақстанның транзиттік әлеуетін және
халықаралық көлік дәліздерінің инфрақұрылымын пайдалану мүмкіндіктері қаралды.

