Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және қолдауға көңіл бөлініп келеді

Қазақстанда әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және қолдауға көңіл бөлініп келеді

Қазақстанда шағын және орта бизнестегі әйелдердің үлесі бүгінде шамамен 50% құрайды. Ал ірі салада жағдай сәл басқаша, мұндағы үлес – 20%-дан кем. Осыған байланысты республикада түрлі білім беру және оқыту бағдарламалары белсенді дамып келеді, бұл – отандық кәсіпкерлерге бизнестің ірі сегментіне көшуге мүмкіндік береді. Осыған орай, талап та жоғары, мысалы, маркетинг, IT, қаржы және сату салаларындағы білімін ұдайы толықтырып, шыңдап отыруы тиіс.

Айта кетейік, мұндай жобаларды мемлекет те, халықаралық ірі ұйымдар, қаржы институттары мен басқа әріптестер, соның ішінде креативті индустрия өкілдері ұйымдастырып келеді. 

Ирина Харитонова, «Creative innovation instiute» Орталық Азияны тұрақты дамыту қорының басшысы:

– Ауылдағы әйелдер бірқатар қиындықтармен кездесіп жатады. Цифрландыру немесе басқа да салалар бойынша халықаралық гранттар көп. Алайда, көпшілігі ағылшын тілін білмейді. Біздің мақсатымыз – осындай ақпараттық блоктар арқылы әйелдерді тартып, оларды толық мәліметпен қамтамасыз ету. Біз халықаралық тәжірибелерді тыңғылықты зерттеп, соны пайдалануды ұсынудамыз. Себебі, әйелдер кәсіпкерлігін қолдайтын түрлі қорлар бар. Сондықтан, әйелдер бизнесін қолдауға бағытталған шараларды ірі бизнесті қолдауға арналған бағдарламалар қатарына қосуды ойластырған жөн.

Сондай-ақ, Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымының қолдауымен ауқымды жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, тренингтер, түрлі білім беру жобалары мен бағдарламалары бар. Сонымен қатар, ел Үкіметімен бірлесіп әзірленген бастамалардың бірінің арқасында өткен жылы Қазақстанның барлық өңірлері мен ірі қалаларында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары пайда болды.

Дина Амришева, Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер құрылымы» кеңсесінің басшысы міндетін уақытша атқарушы:

– Бұл орталық мамандары бүкіл Қазақстанды аралап, кәсіпкер әйелдерге консультативтік көмек беріп келді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, 10 мыңға жуық қазақстандық әйел олардың көмегіне жүгінген. Осылайша, бизнестеріне жаңа серпін беруге мүмкіндік пайда болды. Сонымен қатар, биыл, еліміздегі венчурлық ұйымдар және қорлармен бірлескен шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Менің ойымша Қазақстан жаңа бір деңгейге көтеріліп келеді. Себебі, әйелдер қаржылық сауаттылық және оны басқарудың белсенділігін арттырып келеді. Одан бөлек, цифрландыру мен инновациялар арқылы бизнесті дамытудың жолдарын да меңгерген.

Қазақстандық әйелдердің кәсіпкерлік жұмыспен қамтылу бағыттары туралы айтар болсақ, ол білім беру мен денсаулық сақтау салаларында кеңінен таралып отыр. Алайда, соңғы жылдары отандастарымыздың бизнесі өңдеуші өнеркәсіпке ауысқан.

Статистикаға сүйенер болсақ, соңғы бес жылдағы деректер бойынша  саладағы әйелдердің үлесі 30%-ға жуық өскен.