Осы мақсатта Үкімет алдағы жылдары бірқатар шараларды қолға алмақ. Бұл – минералды-шикізат базасын толықтыру, жер қойнауын пайдаланушылардың бірыңғай платформасында бизнес-процестерді оңайлату және автоматтандыру, базалық металдарды дайын өнім түріне дейін өңдеуді тереңдету мәселелері. Министрлер кабинетінің отырысында саланы дамыту мәселелері талқыланды. Әлихан Смайыловтың айтуынша, мемлекет жоспарлап отырған шаралар мен бизнестің сындарлы ұсыныстары алдағы бес жылдық кезеңге арналған салалық тұжырымдамаларда көрініс табады. Бұл ретте Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев республиканың жалпы ішкі өніміндегі саланың үлесі 8,5%-ті құрайтынын атап өтті. Өткен жылы салада жалпы құны 232 млрд теңге болатын 19 жаңа инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Жалпы, 11 айда өнім шығару көлемі 11 трлн теңгеден асып жығылды.