Қазақстан мен Грузия Транскаспий халықаралық көлік бағытын бірлесіп дамытуға ниетті. Бұл туралы бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Грузия Парламентінің Төрағасы Шалва Папуашвилидің кездесуінде айтылды.
Мемлекет басшысы Қазақстан Оңтүстік Кавказ өңіріндегі негізгі серіктестерінің бірі – Грузиямен жан-жақты қарым-қатынасты нығайтуға айрықша мән беретінін атап өтті. Ал тараптар арасындағы достық пен өзара түсіністік екіжақты байланыстарды тереңдетуге берік негіз болады. Қасым-Жомарт Тоқаев парламентаралық диалогтың мемлекетаралық қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Екі ел арасында сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық қатынастар сәтті дамуда. Өз кезегінде Шалва Папуашвили Грузияның Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға бейілді екенін растады. Оның айтуынша, Тбилиси Астанамен жан-жақты байланыстарды, соның ішінде көлік-логистика саласындағы ықпалдастықты тереңдетуге ниетті.
Атап айтқанда ол Орта дәліздің әлеуетін кеңейтуге қатысты.