Қазақстан туризмі жылы аясында Бейжіңде туризм мен инвестицияны дамыту бойынша екіжақты форум өтті. Отандық және қытайлық компаниялар бірқатар келісімдер мен меморандумдарға қол қойды. Еліміздің барлық 17 өңірі өз жерлерінің тұмса табиғаты мен туристік мүмкіндіктерін таныстырып, ынтымақтастық әлеуеті туралы айтты. Жалпы, Аспан асты елінде қазақстандық туризмді ілгерілету мақсатында биыл ұлттық валютадан 1,5 млрд бөлінді. Осылайша бір жыл көлемінде түрлі кездесулер өткізіліп, турлар мен көрмелер ұйымдастырылып, тұсаукесерлер өтеді.
Қытай Халық Республикасындағы Қазақстанның туризмі жылы аясында аспан асты елінен келетін қонақтар саны да күрт артады деп күтілуде. Министрліктің болжамы бойынша, бұл көрсеткіш 2029 жылға қарай 4 миллион саяхатшыға жетуі мүмкін. Біздің елге сапарлап қанша адам келсе, саланың даму болашағы соғұрлым жоғары болады. Соынмен қатар туризм саласында қосымша 800 мыңға дейін жаңа жұмыс орны ашылуы мүмкін.
Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:
- Бұл расымен өте маңызды. Себебі, Қытайдан Қазақстанға келген туристердің саны тек өткен жылы 15 есе өскен. Бұл бірінші кезекте екі мемлекет басшыларының өзара келісімінің арқасында мүмкін болды. Өз кезегінде бұл экономикаға әсер етеді. Қазір арамызда жұмыс меморандумдары мен өзге құжаттар көп. Олардың құны бірнеше млрд доллардан асады.
Қайрат Сәдуақасов, «Kazakh tourism» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:
- Біздің ойымызша Қытай нарқында ғарыш туризмі өте үлкен қызығушылық туғызады. Ғарыш аппараттарының ұшырылуы, жалпы Байқоңырға сапар секілді бағыттарды дамыту қажет. Бұл Қазақстанның бірегей жобасы. Одан бөлек, агротуризм мен гастрономиялық туризм де дамуы тиіс. Осы бағыттардың барлығы бойынша облыстар бекітілді. Олар жыл бойы осында келіп, өз өңірлерінің артықшылықтары туралы баяндайды. Сондықтан, шаралар өте көп болады деп жоспарлап отырмыз.
Сондай-ақ, Қытайдағы Қазақстанның туризм жылының ашылуы аясында Бейжіңдегі Ұлттық опера сахнасында ауқымды концерт өтті. 150 қазақстандық өнерпаз қытайлық көрермендерді мәдениетімізбен таныстырды. Кіреберісте қонақтарға арналып этноауыл қанат жайды. Қонақжайлылықтың белгісі ретінде тайқазан орнатылды. Ал ұлттық атрибуттармен танысқан қонақтар кейін қазақ халқының ұлттық музыкасын тыңдады. Келушілер күмбірлеген қара домбырадан шыққан әуенге таң қалып отандық әртістердің тамаша қойылымдары мен өнерлерін тамашалады. Көрермендердің таңданғаны соншалық, тік тұрып, қол шапалақтады.
Кэнян, Пекин қаласының тұрғыны:
- Турист ретінде әр көрген затқа қызыға беремін. Сіздерде барлығы жақсы ұйымдастырылған. Елдеріңіздің табиғаты бай, әрі көркем екенін байқадым. Сондықтан биылдан қалмай Қазақстанға барып, осы жерлерді көру басты мақсатым болды.