Қазақстан
мен Грузия Орта дәліз бойынша жүк тасымалдау көлемін 10 миллион тоннаға дейін
жеткізуге ниетті. Өткен жылы көрсеткіш 65% өсті, ал биылғы 8 айда өсім 70%
құрап, 3 миллион тоннаға жетті. Тараптар дәлізді цифрландыру бойынша жұмыс
істеуге ниетті. Бұл оның шетелдік серіктестер алдында тартымдылығын арттыруға
мүмкіндік береді. Инвестицияларға келетін болсақ, Грузия қазірдің өзінде
еліміздің Оңтүстік Кавказдағы маңызды әрі сенімді серіктесі екенін дәлелдеді.
Тек 2024 жылдың бірінші тоқсанында ғана грузиялық инвесторлар Қазақстан
экономикасына 88,5 млн доллар салды. Ал, соңғы 10 жылда инвестиция көлемі 500
млн доллардан асты. Қазақстан Премьер-Министрі мен Грузия Вице-премьері
елдердің сауда-экономикалық ынтымақтастығының перспективаларын талқылады. Олжас
Бектенов пен Леван Давиташвили сондай-ақ АӨК, энергетика, туризм, авиация
саласы, сондай-ақ логистика және көлік салаларындағы өзара іс-қимылды нығайту
мәселелерін қарастырды. Тараптар екі елдің сауда-экономикалық серіктестігінің
серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін жұмысты жалғастыру ниетін растады.