Қазақстанда жасанды интеллектіні дамыту заң
негізінде бекітіледі. Мәжіліс нейрондық желілерді пайдалануды реттейтін заң
жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутаттардың пікірінше, құжат саланың қауіпсіз
және тұрақты экожүйесін құруда маңызды. Ол озық технологияларды кәдеге жарату
кезінде азаматтардың жеке деректерін қорғап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз
етуге бағытталған. Сонымен қатар,
әзірлеушілер мен инвесторлар үшін түсінікті әрі ашық ойын ережелерін жасайды. Бұған
қоса, экономиканың түрлі салаларында жасанды интеллект негіздерін
енгізуде мемлекеттің рөлін айқындайды. Заманауи технологияларды қолданудың
этикалық қағидаттарын құрады. Оны өз
әзірлемелерінде пайдаланатын қазақстандықтардың авторлық құқықтарын қорғайды. Осы
бағыттағы зерттеулерді қаржыландыру, білім беру бағдарламаларын әзірлеу және
халықаралық ынтымақтастық арттыру жағыда ескерілген. Осылайша, саланы жан-жақты
қолдау тетіктері қарастырылған.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті
Мәжілісінің төрағасы:
- Мемлекет басшысы жасанды интеллектіні дамыту мәселесіне басымдық беріп отыр. Таяуда өткен Ұлттық құрылтай отырысында еліміз үшін осы саланы дамытудың маңыздылығын тағы да атап өткені бекер емес. Бүгінде жасанды интеллект өнімдерін қолдану қарқынды дамып жатқанына қарамастан, тек санаулы елдер ғана оның толыққанды дамуына құқықтық негіз жасай алды. Бұл ретте біздің депутаттарымыз халықаралық үздік тәжірибелерді ескере отырып, осы заң жобасын әзірледі.
Екатерина Смышляева, ҚР
Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Заң жобасының маңызды бөлігі – ұлттық жасанды интеллект платформасы. Бұл – жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу мен қолдануға арналған бірыңғай инфрақұрылым. Инновациялық ортадан басқа, платформа жасанды интеллект модельдерін оқыту үшін деректер кітапханаларына әзірлеушілердің қол жетімділігін қалыптастырады және қамтамасыз етеді.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

